«Келешек мектептері»: Маңғыстауда жыл басынан бері жаңа форматтағы 11 мектеп қолданысқа берілді

«Келешек мектептері»: Маңғыстауда жыл басынан бері жаңа форматтағы 11 мектеп қолданысқа берілді
gov.kz

Маңғыстау облысында жыл басынан бері «Келешек мектептері» жобасы аясында жаңа форматтағы 11 мектеп іске қосылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2025 жылда Маңғыстауда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында екі ауысымда 25 200 оқушыға арналған 13 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Аталған жоба еліміздегі үш ауысымды оқыту мәселесін жоюға, апатты мектептердің орнына жаңа типтегі заманауи білім ошақтарын ашуға, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға бағытталған.

"Бұл бастама аясында Маңғыстау облысында да бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы өнірде жалпы бір ауысымда 9 900 орынға арналған «Келешек мектептері» жобасы аясында жаңа форматтағы 11 мектеп іске қосылды. Оның ішінде Ақтау қаласында – 5, Мұнайлы ауданында – 3, Бейнеу ауданында – 2 және Маңғыстау ауданында – 1 мектеп ашылды. Бұдан бөлек, жер қойнауын пайдаланушылар есебінен Түпқараған ауданында 1 200 орындық мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар Жаңаөзен қаласы мен Түпқараған ауданында 588 орындық қосымша екі құрылыс нысаны іске қосылып, бұл өз кезегінде 6 мектептегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік берді", – дейді Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Амантай Құмбаев.

Басқарма басшының айтуынша, биыл қазан айының соңына дейін, яғни екінші тоқсанында облыс бойынша тағы 3 600 орындық 3 мектепті іске қосу жоспарланып отыр. Олар Ақтау, Жаңаөзен қалаларында және Мұнайлы ауданында орналасқан. Бұл нысандардың ашылуы нәтижесінде тағы бір мектептегі үш ауысымда оқыту жойылады деп күтілуде.

"Жаңа келешек мектептер – бұл жай ғана жаңа ғимарат емес, балаға бағытталған заманауи оқу кеңістігі. Олар кең, жарық, қауіпсіз әрі қолжетімді болумен қатар, заманауи технологиялармен толық жабдықталған. Сыныптар интерактивті тақталармен, компьютерлермен, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Мұғалімдер мен оқушылар үшін коворкинг-аймақтар, демалыс бөлмелері, әдістемелік кабинеттер қарастырылған.

Келешек мектептерінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерге баса назар аударылған. Физика, химия, биология пәндеріне арналған зертханалар заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, оқушылардың тәжірибелік білім алуына жағдай жасалған. Сонымен қатар STEM бағытындағы арнайы сыныптар, робототехника және IT кабинеттері бар.

Мектептерде мүмкіндігі шектеулі балалар үшін пандустар, лифтілер, арнайы санитарлық тораптар орнатылған, сондай-ақ психолог пен арнайы педагогтарға арналған кабинеттер қарастырылған. Бұл – әрбір балаға тең мүмкіндік пен сапалы білім алуға жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам", – дейді Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Амантай Құмбаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары