«Криптовалюта алып беремін»: Астана тұрғыны алаяқтардың шотына 11 млн теңге аударған

/
«Криптовалюта алып беремін»: Астана тұрғыны алаяқтардың шотына 11 млн теңге аударған
istockphoto.com

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында  елорда тұрғыны П.-ның талап арызын қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот анықтағандай, талап қоюшы белгісіз тұлғалардың алдауына түсіп, жауапкерлердің банк шоттарына жалпы сомасы 11 млн теңге көлемінде ақша қаражатын аударған. Сотқа дейінгі тергеу органының қаулысымен талап қоюшы жәбірленуші деп танылған. Осыған байланысты ол сотқа көрсетілген соманы және сот шығындарын өндіріп беру туралы талап қоюмен жүгінген.

Сот талқылауы барысында тараптар арасында ақша қаражатын аударуға негіз болатын шарттық қатынастар немесе өзге де міндеттемелер болмағаны анықталды. Осыған орай, жауапкерлер алған қаражат негізсіз баю ретінде танылды.

Жауапкерлердің бұл қаражат криптовалюта мәмілелері бойынша төлем ретінде алынған деген уәждерін сот негізсіз деп бағалады. Олар төмендегі жайттарды растайтын дәлелдемелерді:

- мәмілелердің B. ғаламдық құрылымына кіретін лицензияланған биржа арқылы жүргізілгені;

- ҚР заңнамасының талаптары сақталғаны;

- салықтардың төленгені және ақшаны заңдастыруға қарсы шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынбаған.

Сот атап өткендей, «Цифрлық активтер туралы» Заңына сәйкес, цифрлық активтер биржаларының қызметі реттелуге және «Астана» Халықаралық қаржы орталығында лицензиялануға  тиіс. Жауапкерлер тарапынан бұл талаптардың сақталғанын растайтын дәлелдер ұсынылмаған.

Сот шешімімен талап қоюшы П.-ның талап қоюы толық көлемде қанағаттандырылды, жауапкерлерден 11 млн теңге сомасында қаражатты және сот шығындарын өндіру туралы шешім шығарылды.

Апелляциялық сатыда іс қайта қаралып, бірінші саты сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылды және заңды күшіне енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары