371
Аграрлық университеттің студенті кеуде тұсына тиген соққыдан көз жұмған
Аграрлық университеттің студенті кеуде тұсына тиген соққыдан көз жұмған
Бақилық болған аграрлық университеттің студенті кеуде тұсынан қатты соққы алған. Бұл туралы жатақханадағы төбелестен қаза тапқан Дидар Болысбектің ата-анасы айтып берді. Сол соққыдан жасы 17-ден асқан жігіттің жүрегі тоқтап қалыпты. 1-ші курс студенті үлкендердің әлімжеттік жасайтынын анасына өткен жексенбіде ғана айтқан. Бұл туралы «КТК» арнасы хабарлады.
Марқұм кеше жер қойнына тапсырылды. Дидар Болысбектің сүйегін туған жері Таразға жақындарынан бөлек, университеттегі ұстаздары алып келген. Ал қара жамылған ата-ананың қолына оның денесіне жасалған сараптама нәтижесі беріліпті. Қағазда студенттің аяқасты жүрегі тоқтап өлгені көрсетілген. Ал оған бір ғана ауыр соққы себеп болыпты. Мұны күдіктілер тергеушілерге айтып берген.
Қазір қайғылы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен тергеуге алынған 9 жігіттің екеуі ғана кінәсін мойындап, қамауға алынған. Ал аграрлық университеттің басшылығы Дидардың әлімжеттік құрбаны болғанын әлі де мойындар емес. Жігіттің анасы баласының денсаулығында еш кінәрат болмағанына сенімді.
Дидардың өлімінен кейін студенттердің құқығына ерекше көңіл бөліне бастады. Енді Алматыдағы жоғары білім алушылар үшін сенім телефоны жұмыс істейді. Онда студенттер әлімжеттік, жемқорлық сияқты мәселелерге қатысты шағымын қалдыра алады.