Елнұр Бейсенбаев: Адамдыққа жат контентті шектеу – орынды іс

/
Елнұр Бейсенбаев: Адамдыққа жат контентті шектеу – орынды іс
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев балалар мен жасөспірімдерді интернеттегі жағымсыз контенттен қорғауға арналған маңызды түзетулер енгізілгенін де атап өтті.

– Балалар мен жасөспірімдер күн сайын әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалар арқылы олардың дүниетанымына кері әсер ететін ақпараттарға тап болып отыр. Сол себепті заңға педофилия мен дәстүрге жат қатынастарды насихаттауға тыйым салатын нақты нормалар енгізілді. Бұл – балалардың психологиялық қауіпсіздігі мен ұлттық құндылықтарды қорғаудың маңызды қадамы, – деді депутат.

Мәжіліс депутатының айтуынша, бұл бастамаға қоғам да, сарапшылар да қолдау көрсеткен. Өткен жылы «Біз ЛГБТ насихатына қарсымыз» атты ресми петицияға 50 мыңнан астам азамат қол қойған. Нәтижесінде ұлттық қор мен сарапшылар қауымдастығы арнайы зерттеу жүргізіп, дәстүрден тыс қатынастарды насихаттау балалардың танымына теріс әсер ететіні дәлелденді.

Осыған орай Мәжілістің 18 депутаты педофилия мен дәстүрге жат қатынастарды насихаттауға тыйым салу туралы түзетулер ұсынған. Бұл нормалар тоғыз негізгі заңға енгізіледі – оның ішінде «Бала құқықтары туралы», «Білім туралы», «Мәдениет туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Кинематография туралы» заңдар бар.

Заң жобасында «дәстүрге жат қатынастарды насихаттау» ұғымына нақты анықтама беріліп, ондай контентті бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда және телекоммуникациялық желілерде таратуға тыйым салынады.

– Бұл ешкімнің жеке өміріне араласу емес. Ешкімнің болмысына тыйым салынбайды. Біз тек қоғамға жат, адамгершілікке қайшы насихатқа шектеу қоямыз. Мұндай тәжірибе Венгрия, Польша, Литва, Қырғызстан және Ресей сияқты елдерде де бар, – деді Бейсенбаев.

Депутат халықаралық тәжірибеге де тоқталды. Оның айтуынша, БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясының 17-бабы мемлекеттерге балаларды психологиялық және рухани дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауды міндеттейді. Ал Еуропалық конвенцияның 10-бабы сөз бостандығын мораль мен қоғамдық тәртіп мүддесінде шектеуге мүмкіндік береді.

– Біз ең алдымен өз ұрпағымыздың амандығын ойлаймыз. Баланы ақпараттық уланудан қорғау – ұлттың рухани иммунитетін сақтау. Сондықтан бұл заңның басты миссиясы – болашақ ұрпақтың санасын қорғау, – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары