Түркістан облысында ағайынды жігіттерді пышақтап кеткен

/
Түркістан облысында ағайынды жігіттерді пышақтап кеткен
Скриншот

Түркістан облысында көлік жуу орнында төбелес болып, ағайынды екі жігітті пышақтап кетті, деп хабарлайды turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Төлеби ауданындағы Зағамбар ауылында болған қанды қылмыстан 19 жастағы Мағжан Бимырза ауруханаға жетпей көз жұмды. Марқұмның 21-дегі туған ағасы ауруханада жатыр. Жанжал көлік жуу бекетіндегі кезекке таластан басталған. Бұзақылығымен ауылға танымал екі жігіт өзіне дейін көлік жуып тұрған жігіттердің бірін ұрып жіберген. Сөйлесуге келген бауырларын әй-шәйға қарамай пышақтап, өздері оқиға орнынан тайып тұрған.

«Інім бара жатқан жерінен жүрегіне пышақ сұғып алады, оң қолымен. Оны көріп, мына жерде бара жатқан кезде Наурыз Сұлтанға қарай жүгіріп, екеуі алысып жатқан кезде, Наурыз санынан пышақ тығады. Мені сол сәтте Дәурен ұстап тұрады. Ол кезде ініміз қансырап құлап жатты. Мағжан былай жүгіріп, машинаның жанына келіп құлап қалған. Жүрекке пышақ тығылған. Сол кезде Сұлтанның санынан қан кеткен кезде, тағы да ішінен тығады, Наурыз», — деді марқұмның ағасы Асылжан Бимырза.

Тура жүрекке тиген пышақ жарақатынан биыл ғана әскерден келген 19 жастағы Мағжан ауруханаға жетпестен көз жұмады. Ал іші мен аяғына пышақ кірген Сұлтанды сол жердегілер өз көлігіне салып ауруханаға дер кезінде жеткізген. Көп қан жоғалтқан 21 жастағы жігіт енді кешіккенде, тірі қалуы екіталай еді дейді дәрігерлер.

«Ішкі құрылысқа енген жарақат, операцияға алынады. Ішіне пышақ қаншалықты кіргені белгісіз. Өйткені май қабаты, тері қабаты, ет қабатынан өтіп ішке кірді. Май қабатын есептегенде, шамамен 5-6 см тереңдікте. Одан ішке еніп тұр», — деді Леңгір ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ержан Түзелбаев.

Отадан есін енді жинаған Сұлтан туған інісінен айрылып қалғанына әлі сене алар емес. Ол бауырларын жасы үлкен бұзақылармен төбелесу үшін емес, тек арашалау мақсатында шақырғанын айтады. Бірақ әлгілер ләм-мим деместен суық қарумен шабуылдады деп отыр.

«Мына жақтан өзім көрдім, жүгіріп бардым да, інімді ұрып жатқанда мен де қарап тұра алмаймын ғой, ол үлкен бала. Сөйтіп онымен алыса кеттім, мені де ұрған екен, байқамай қалған екем, қалай пышақпен ұрғанын. Қарасам аяғымнан қан ағып жатыр, басымды көтеріп қарасам, інім жерде жатыр. Ой, жаным ...», — деді жәбірленуші Сұлтан Оразгелді.

Биыл ғана әскерден келген Мағжан Леңгірдегі кәсіптік оқу орнына түскен екен. Сөйтіп ата-анамды бағам деп жүргенде, қайдағы біреулердің қолынан өлгеніне туыстары әлі сене алар емес. Үйдің кенжесінен айырылып қара жамылған ата-анасы кінәлілер қатаң жазаға тартылсын дейді.

«Алла жазасын берсін. Бұл не деген жауыздық! Не деген қатыгездік! Қолымнан келер амал жоқ. Бірақ айтарым, Қазақстан мемлекеті екеніміз рас болса, Қазақстанның әділетті заңы болса, Қазақстанның қылмыстық кодекстеріне сәйкес, тура өзінің жазасын алсын! Болды, басқа ештеңем жоқ», — деді марқұмның әкесі Әбдісамат Бимырзаев.

Көлік жуу бекетінде бірнеше бейнекамера тұр. Төбелестің қалай басталып, немен аяқталғаны дыбысымен бірге соған жазылыпты. Тіпті тапа-тал түстегі қырғынды көргендер де көп екен. Полицейлер бейнежазбаны тәркілеп алғанымен, 31 жастағы қос бұзақы ұсталды ма, оларға қатысты іс қозғалды ма, ол әлі белгісіз. Өйткені тәртіп сақшылары бұл қылмысқа қатысты ақпарат беруге асықпай отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары