Қостанай қаласының №2 сотында ірі көлемде пара алуға оқталғаны үшін айыпталған У.-ға қатысты қылмыстық іс үдетілген сотқа дейінгі тергеу тәртібімен қысқартылған іс жүргізу тәртібінде қаралды., деп хабарлайды turkystan.kz.
«2025 жылдың қаңтарынан қыркүйегіне дейін Рудный қаласының прокурорының бастамасымен қала құрылыс бөлімінде ревизиялық комиссия анықтаған негізсіз еңбекақы төлеу фактісі бойынша тексеріс жүргізілген.
«Осы кезеңде сотталушы У. ірі мөлшерде пара алуға қылмыстық ниетпен барған. Ол мемлекеттік мекеменің басшысының міндетін атқарушыдан тексерісті тоқтату және қылмыстық қудалаудан босату үшін 20 млн теңге көлемінде пара түрінде ақша беруді жеке өзі талап еткен.
Сотталушы құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан ақша алу кезінде ұсталған.
Сотталушыны 20 млн 100 мың теңге мөлшерінде ақша қаражатын алу кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан ұсталды, пара соммасының бір бөлігі (8 миллион 100 мың теңге) муляж болған», - делінген ақпаратта.
Сот үкімімен Рудный қаласының бұрынғы прокуроры 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ өмір бойына қандай да бір мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынды.
Ал жазасын орташа режимдегі түзеу мекемесінде өтейді. Сондай-ақ ол "аға әділет кеңесшісі" атағынан айырылды.
 
								 
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                         
                                        