«QAITADAN» фильмі STEPPE Awards сыйлығының жеңімпазы атанды

/
«QAITADAN» фильмі STEPPE Awards сыйлығының жеңімпазы атанды
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «QAITADAN» фильмі Қазақстандағы креативті индустрия саласындағы беделді марапаттардың бірі – «STEPPE AWARDS» сыйлығының иегері атанды. Картина «Кинематограф» номинациясында жеңіске жетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«QAITADAN» – режиссер Думан Еркімбектің толықметражды дебюттік туындысы. Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді. Жоба 2023 жылғы кино жобалар питчингінде жеңімпаз атанып, мемлекет қолдауымен түсірілген және прокатта 1 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған алғашқы отандық фильм ретінде тарихқа енді.

Фильмде қалада өскен Рауан есімді жігіт ауылда жұмбақ уақыт ілмегіне түсіп қалады. Мәселені шешуге тырысқан ол үлкен апаттың куәгері болады. Картина ұрпақ сабақтастығы, жауапкершілік, қауіпсіздік және көмек қолын созу секілді тақырыптарды қозғайды.

Басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Шұғыла Ешенова, Айбек Әзімбек және Ермек Шынболатов сомдаған. Түсірілім жұмыстары Алматы облысында өтті. Фильмде компьютерлік графикамен қатар шынайы арнайы эффектілер қолданылған. Қоюшы-суретші – Бекен Нарбай, продюсерлер – Жалын Тілеубергенов пен Талғат Сырманов.

STEPPE AWARDS – Қазақстандағы креативті индустрия саласындағы үздіктерді анықтайтын марапат. 2025 жылы сыйлықтар 16 номинация бойынша табысталды. Атап айтсақ, кинематограф, театр, креативті IT, урбанистика, digital art және Steppe Women. Биылғы марапаттың тақырыбы – «Ренессанс». «The Art of Becoming» ұранын негізге алған ұйымдастырушылар ізденіс, даму және жаңғыру идеясын айқын бейнелеген жобаларды атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары