Оңтүстік Калифорния университетінің зерттеушілері ұйықтататын дәрілерді тұрақты түрде қабылдау адамның өмірін орта есеппен бір жарым айға қысқартатынын анықтады. Бұл туралы The Lancet Regional Health Americas журналында жарияланған зерттеуде айтылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ғалымдар Future Elderly Model атты динамикалық микросимуляция әдісін пайдаланып, 1998-2018 жылдар аралығында ұйықтататын препараттар ішкен 51 жастан асқан 15,3 миллион америкалықтың денсаулық көрсеткіштерін зерттеген. Модель екі сценарийді қарастырған: дәріні үзбей ішу және олардан толық бас тарту.
Нәтижесінде ұйықтататын дәрілерді қолданудан бас тартқан жағдайда құлау қаупі шамамен 9 пайызға, ал когнитивтік (есте сақтау және ойлау қабілеті) бұзылулардың ықтималдығы 2 пайызға азайған. Бұл өмір ұзақтығын орта есеппен 1,5 айға ұзартып, сол уақыттың көп бөлігін адам жақсы физикалық және психологиялық халде өткізетіні анықталған.
Зерттеу авторларының айтуынша, ұйқысыздықтың өзі денсаулыққа зиян, бірақ дәріні көп ішутәуелділікке, есте сақтау қабілетінің әлсіреуіне және жарақат алу қаупіне әкеледі.
Мамандар дәріге тәуелді болудың орнына ұйқыны реттеудің қауіпсіз әдісі когнитивті-мінез-құлық терапиясын (Cognitive Behavioral Therapy for Insomnia, CBT-I) қолдануға кеңес береді. Бұл тәсіл қысқа мерзімде дәрілердей нәтиже береді, бірақ ұзақ мерзімде әлдеқайда қауіпсіз.
 
								 
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                         
                                        