Қазір еліміздің жоғары оқу орындарында 31 мыңнан астам шетел студенті білім алады. Бұл – қазіргі сәтте Қазақстан үшін рекордтық көрсеткіш. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумында айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
2029 жылға қарай аталған межені 100 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін виза режимі оңтайландырылып, шетелдіктердің алаңсыз білім алуына барынша қолайлы жағдай жасалады.
Үздік түлектердің Қазақстанда тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін жұмыспен қамту бағдарламасы іске қосылады.
– Шетел университеттерінің филиалын ашу инженерлік және IT білімді дамыту мақсатымызға толық сай келеді. Қазақстанда қолданбалы инженерияның бірегей институты саналатын үш Лу Бань шеберханасы ашылды. Бұл Қытай үкіметінің бастамасы екені баршаңызға мәлім. Пэн Дуань мырза баяндамасында қытай мамандарының елімізге ерекше назар аударып отырғанын әрі Қазақстандағы адам әлеуетінің жоғары екенін атап өтті. Біз үшін ядролық энергетика саласына маман даярлау да ерекше мәнге ие. МИФИ ректоры Владимир Игоревич Шевченко осы маңызды іске белсенді атсалысуға ниет білдірді. Сізбен бірге жұмыс істейміз. Міндетіміз – білім мен ғылымды экономиканың нақты секторымен тікелей байланыстыру. Бұл бағытта сәтті мысалдар бар. Ербол Маратұлы Исақаев баяндағандай, Қозыбаев университеті мен Аризона университетінің серіктестігі нәтижесінде күкіртті инновациялық полимерге айналдыратын озық технология әзірленді. Бұл – өте қажет жоба. Себебі елімізде күкірттің қоры мол. Аталған жоба химия өнеркәсібінің дамуына тың серпін береді, ең бастысы, экологиялық түйткілдердің шешілуіне түрткі болады, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент еліміздегі жоғары білім мен университеттегі ғылыми ізденістерге бизнес те белсенді үлес қоса бастағанын мәлімдеді
– Мәселен, компанияларымыздың бірі Тараз қаласында Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің филиалын ашуға қаржы бөлді. Тағы бір компания шетелдік жоғары оқу орнымен серіктестік аясында тау-кен саласына маманданған университет ашпақ. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты (МГИМО) Астана филиалының қызметіне зор үміт артамыз. Танымал жоғары оқу орнына арнап бөлек ғимарат салынады. Соңғы жылдары Қазақстанның ірі бизнес өкілдері жоғары білім мен ғылымға көбірек қолдау көрсете бастады. Зерттеушілер мен өндіріс ошақтарының ықпалдастық жүйесі қалыптасып келеді. Жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда технологиялық трансфер кеңселерін құру осы бағыттағы перспективті қадам болар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан өз университеттерін алдағы уақытта да жан-жақты дамытады.
– Мықты университеттер – келешектің фабрикасы. Бұл жерде идеялар туып, кедергілер еңсеріледі. Әділ әрі үйлесімді әлемнің алғышарттары қалыптасады. Жоғары оқу орындары халықтар арасындағы сенім мен ынтымақты күшейтіп, дипломатия құндылықтарын дәріптейді. Университет қабырғасында қалыптасатын студенттер бауырластығы, зерттеушілер қоғамдастығы және академиялық серіктестік тек ғылым-білім саласында емес, экономика мен қоғамдық өмірдегі, тіпті саясаттағы өзгерістерге қозғау салады. Ұлтымыздың біртуар перзенті, әйгілі академик Қаныш Сәтбаевтың «Ғалым барлық өмірін халық үшін, адамзат үшін сарп етеді» деген сөзі бар. Шын мәнінде, ғылымның ең басты миссиясы – адамзат игілігіне қызмет ету. Ғылым әлеміндегі жетістіктер барша елдің әлеуетін арттыра түсуі керек деп санаймын. Себебі ғылым-білім – бөліскен сайын молая түсетін әрі шексіз мүмкіндіктерге жол ашатын қуатты құрал. Бұл саладағы ықпалдастық Қазақстандағы білім-ғылым жүйесінің өрісін кеңейтіп, академиялық дипломатияны өркендетуге зор ықпал етеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы елімізде дарынды, қабілетті, ойы ұшқыр азаматтар өте көп екеніне тоқталып, халқымыздың жасампаздық рухына сенетінін жеткізді.
– Бәріміз бір ел болып қолға алған реформалар – жұртымыздың жарқын болашағына апаратын даңғыл жол. Сондықтан біз алдағы уақытта да білім мен ғылымға арқа сүйеп, Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Күшті Қазақстанды құру ісін жалғастыра береміз. Осы маңызды миссияны орындауға стратегиялық серіктестеріміз, білім және ғылым ордалары ерекше үлес қосып жатқанын атап өткім келеді. Себебі Сіздер еліміздің басты байлығы –азаматтарымыздың ғылыми көкжиегін кеңейтуге, олардың әлеуетін арттыруға іс жүзінде атсалысып жатсыздар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
 
								 
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                             
                                         
                                        