Жазушы, журналист Мақсат Тәж-Мұрат өмірден өтті

/
Жазушы, журналист Мақсат Тәж-Мұрат өмірден өтті
Әдебиет порталы

Көрнекті жазушы, эссеист, әдебиеттанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мақсат Тәж-Мұрат дүниеден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қаралы хабарды Қазақстан жазушылар одағы мәлім етті.

Мақсат Әнесұлы Тәж-Мұрат 1959 жылы қарашада Атырау облысына қарасты Қосшағыл поселкесінде дүниеге келген. 1978-1983 ж. аралығында ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқыған. 1983-1990 жылдар аралығында «Білім және еңбек» журналында әдеби қызметкер, «Социалистік Қазақстан» газетінде тілші, «Горизонт»-«Өркен» газетінде редактордың орынбасары, «Жалын» журналының жауапты секретары, Қазақстан ЛКЖО ОК жастар бұқаралық ақпарат құралдары секторының меңгерушісі болып істеді.

1990-1999 жылдары ҚазМУ-дің филология факультетінде аспирант, аға оқытушы, доцент болды. 1994 ж. «Ғұмар Қараштың ақындығы» тақырыбында диссертация қорғап, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алды.

2006-2007 ж. «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, 2007-2009 ж. «Ана тілі» газетінің бас редакторы. 2009 жылы Астана қаласына ауысып, 2013 ж. дейін «Астана» журналының бас редакторы болып істеді.

Мақсат Тәж-Мұрат «Шәңгерей: жасампаздық өмірі», «Батыс Алаш-Орда: биобиблиографиялық сөздік тәжірибесі», «Ғұмар Қараш: өмірі мен шығармашылығы», «Кәбиса жыл: зерттеу, эссе, әдеби толғамдар», «Қаһармандық анатомиясы. Мәншүктің мәлімсіз майданы», «Димаш. Когда жаждут крика» кітаптарының және мерзімді басылымдар бетінде жарияланған жүзге тарта мақаланың авторы.

Қазақ әдебиетінің және қазақ баспасөзінің дамуына зор үлес қосқан қаламгердің иманы саламат болғай.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары