Қызылордада алаяқтар 18 көлікті өз аттарына аударып алып, сатып жіберген

/
Қызылордада алаяқтар 18 көлікті өз аттарына аударып алып, сатып жіберген
istockphoto.com

Қызылорда қаласының екі тұрғыны автокөліктерді сату бойынша делдалдық қызмет көрсетеміз деген желеумен азаматтарды өз компанияларының кеңсесіне шақырған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жәбірленушілермен автокөліктерді 14 жұмыс күні ішінде сату туралы шарттар жасалған.

Айыпталушылар көліктерді өз аттарына рәсімдеп алғаннан кейін, оларды төмендетілген бағамен сатып, қаражатты өз пайдаларына жаратқан.

Өз автокөліктерін сатуға берген 18 азамат құқыққа қарсы әрекет салдарынан зардап шеккен. Олардың барлығы қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер деп танылған.

Бірінші сатыдағы сот айыптаушыларды Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1), 4) тармақтары бойынша  кінәлі деп танып,  оларға 4 жыл 6 ай және 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Жәбірленушілердің жартысының азаматтық талап қоюлары қанағаттандырылған, қалғандары азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жіберілген.

Заттай дәлелдемелер ретінде танылған 18 автокөлік жәбірленушілерге қайтарылған.

Апелляциялық саты үкімді өзгертті: азаматтық талап қоюлар бойынша шешім жойылған, ал 18 автокөліктің 11-і сотталғандардан сату-сатып алу шарттары бойынша сатып алған жаңа иелеріне берілген.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот істі қарап, бастапқы иелері мен көліктерді сатып алушылардың арасында меншік құқығына байланысты азаматтық-құқықтық дау туындаған деген тұжырымға келді.

Мұндай дауларды қарау қылмыстық іс жүргізу шеңберінен (ҚПК-нің 20-тарауы) тыс болып табылады және азаматтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға тиіс.

Талап қоюлар түпкілікті шешілгенге дейін көлік құралдары арнайы тұрақта сақталады.

Ал, автокөліктерді алдау жолымен иемдену бойынша қылмыстық жоспарды ұйымдастырған адамдарды бас бостандығынан айыру бөлігіндегі үкім өзгеріссіз қалдырылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары