Ақмола облысында зейнеткер интернет алаяқтарға алданып қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Щучинск қаласында зейнеткер ойдан шығарылған "кибершабуылға" ұшыраған. Ол пәтерді сатып, барлық түскен қаражатты және өзінің жеке жинаған ақшасын алаяқтарға берген. Шығын 11 800 000 теңгені құрады.
Қарияға белгісіз адамдар хабарласып, өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған және оның атынан несие рәсімдеуге өтініш түскенін айтып, "кибершабуыл" жасалды деп сендірген. Алаяқтар бұл әрекеттердің алдын алу үшін қарияға жеке жинақ ақшасын салу қажеттігін хабарлаған. Зейнеткер әртүрлі терминалдар арқылы барлығы 32 транзакция жасаған, ал барлық ақша дропперлердің шоттарына түскен.
Полиция азаматтардан сақ болуды сұрайды. Бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындауға, жеке мәліметтерді айтуға және бөгде адамдарға ақша аударуға болмайды.