Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында белгісіз жыртқыш жануар малға шауып, 80 қойды тамақтап кетті. Ақ адал малынан айрылып, қып-қызыл шығынға батқан ауылдықтар кімнен көмек сұрарын білмей отыр, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
15 жылдан бері жалданып мал бағатын Серік Есқазиев мұндай сұмдыққа иесіз иттерді кінәлайды. Айтуынша, бас-аяғы бір аптаның ішінде бұралқы иттер малға төрт рет шауып, азуына іліккен қой-ешкіні қырып салған. Аман қалған малын қораға қамаса да, айласын тапқан төбеттер қамаудағы қой-ешкіні қан-жоса ғып қырған, дейді.
Күйінген ол малға шапқан хайуанның бірін көлігімен түйіп, қолға түсірген, қалғаны қашып кетіпті. Ал жергілікті әкімдік ешқандай көмек берілмейтінін кесіп айтқан. Ауылды кезген бұралқы иттен қорыққан шаруа енді бағымдағы малды иелеріне кері таратуға мәжбүр.
"Халық болса, өлген малдың шығынын менен сұрап отыр. Шығынның шамасы 4-4,5 миллионға жетіп қалды. Енді мен оны жалғыз қара басым орнына келтіріп қоямын деп айта алмаймын. Енді үкіметтен көмек сұраймыз", - дейді малшы.
Ал ветеринарлар мұнымен келіспейді. Олардың айтуынша, ауылдағыларға бұралқы иттерден қауіп жоқ.
"Қазіргі уақытта қойларға қандай жыртқыш шапқаны белгісіз. Қасқыр немесе шибөрі болуы да мүмкін. Нақты анықталмады. Қорада үріккен қойлардың бірқатары аяқ астында тапталып өлген. Күні бүгінге өлген малдың есебі алынып, өлекселер мал моласына апарып жойылды. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарына қауіп жоқ", - дейді БҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы Балдай Сапарғали.