335
Қазақстан ДСҰ сауда және қоршаған орта комитетіне басшылық етеді
Қазақстан ДСҰ сауда және қоршаған орта комитетіне басшылық етеді
7 сәуір күні өткен Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) Бас кеңесінің отырысында 2017 жылға ДСҰ бас ұйымдарының төрағалары тағайындалды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі, БҰҰ бөлімшесі мен Женевадағы өзге де халықаралық ұйымдардағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі Жанар Айтжанова сауда және қоршаған орта бойынша ДСҰ комитетіне басшылыққа тағайындалды. «Бұл тағайындау ДСҰ-ға мүше мемлекеттердің Қазақстанға деген жоғары сенімін көрсетеді», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
2017 жылы 11-14 желтоқсанда Буэнос-Айресте (Аргентина) өтетін XI ДСҰ Министрлік конференциясына дайындық аясында ДСҰ органдарының жаңа төрағаларына Министрлік конференцияда табысты нәтижелерге қол жеткізу үшін ұйым мүшелері арасындағы талқылауларды жандандыруда үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Айтжанованы сауда және қоршаған орта бойынша ДСҰ комитетінің төрайымы орнына аймақтық Азиялық дамушы елдер тобы ұсынды, бұл топқа Қазақстан 2016 жылдың қараша айында қосылды.