Оқиғаны Qazaq Air әуе компаниясының баспасөз қызметі растады. Техникалық тексеру жүргізу үшін өңірге арнайы команда жіберілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылғы 11 қазанда Қостанай – Астана бағытындағы IQ368 тұрақты рейсін орындау кезінде Қостанай әуежайында әуе кемесінде техникалық ақау тіркеліп, ұшу тоқтатылған. Әуе компания ақпаратына сәйкес, кейбір жолаушы шасси маңында қысқа мерзімді от ұшқыны байқалғанын хабарлаған. Бұл дерек техникалық тексеріс кезінде назарға алынатын болады.
Аталған оқиға туралы ақпарат жергілікті БАҚ-та жарияланды.
— Қостанайға ақауды тексеріп, жою үшін техникалық команда жіберілді. Жолаушыларға қонақүйге орналастыру, билет құнын қайтару немесе басқа рейстерге ауыстыру ұсынылды, — деп хабарлады әуе компанияның баспасөз қызметі.
Компания өкілдері жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі — басты басымдық екенін, барлық іс-әрекеттің халықаралық ұшу қауіпсіздігі стандарттарына қатаң сәйкестікте орындалатынын атап өтті.
Аталған оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі де пікір білдірді.
— Qazaq Air әуе компаниясының Қостанай – Астана бағытындағы рейсі кезінде болған авиациялық оқиғаны тергеу үшін азаматтық және тәжірибелік авиация саласындағы авиациялық оқиғалар мен инциденттерді есепке алу және тергеп-тексеру қағидаларына сәйкес комиссия құрылатын болады. Тергеуді ҚР Көлік министрлігінің Көлік оқиғалары мен инциденттерін тергеу департаменті жүргізеді, — деп хабарлады ведомство.