Ақмолада "Тасымалдаушы" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында патрульдік полиция қызметкерлері іздеуде жүрген автокөлікті тоқтатты, деп хабарлайды Polisia.kz.
Таңғы сағат 06:40 шамасында "Көкшетау – Рузаевка" автожолының 36-шақырымында патрульдік полиция көлігін тексеру үшін тоқтатқан. Себебі, Kia Cerato көлігі мемлекеттік нөмірсіз қозғалып келе жатқан.
"Жүргізушінің мінез-құлқы күдік туғызған. Тексеру кезінде оның жүргізуші куәлігі жоқ жас жігіт екені анықталды. Кейін белгілі болғандай, ол елордадағы автосалондардың бірінде жұмыс істейді және сол жерден жаңа көлікті рұқсатсыз айдап кетіп, туыстарына баруға шешім қабылдаған", - деп жазылған хабарламада.
Полиция қызметкерлері дереу Астана қаласындағы әріптестерімен байланысып, көлік құралының ұрлық фактісі бойынша іздеуде екенін анықтады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жүргізуші мас болмаған, алайда жүргізуші куәлігінің жоқтығы оның жол қозғалысына қатысуын қауіпті етеді.
Ұсталған азамат әрі қарайғы тексеру мен тергеу амалдарын жүргізу үшін Көкшетау қалалық полиция басқармасына жеткізілді.