1 миллионнан астам сақтандырылмаған қазақстандық тегін емделмек

/
1 миллионнан астам сақтандырылмаған қазақстандық тегін емделмек
istockphoto.com

Мемлекет басшысының Қазақстанда сапалы медициналық көмекке жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде халықты медициналық қызметтермен қамту кеңейтілді. Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, 2024-2025 жылдары медициналық көмекке жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені іске асырылған. Атап айтқанда, скринингтен өту жасы 76 жасқа дейін көтерілді. Бұл қосымша 300 мың адамды қамтуға мүмкіндік берді.

Онкоскринингтерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетіне (ТМККК) көшіру маңызды қадам болды. Бұл осы жылдың өзінде-ақ 300 мыңнан астам сақтандырылмаған азаматтар үшін қатерлі ісік ауруын ерте диагностикалауға жол ашты. 2026 жылдан бастап қан айналымы жүйесі ауруларын, қант диабетін және вирустық гепатиттерді анықтауға арналған скринингтер осы санатқа қол жетімді болады.

«Медицина барлығына қол жетімді болуы керек. Қабылданған заңның нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар енді медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша табысы төмен азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлей алады. 2026 жылы сақтандырумен қосымша 1 млн-ға жуық адам қамтылады деп күтілуде», — деді А.Әлназарова.

Бүгінгі таңда мемлекет 11 млн-нан астам қазақстандықты қамти отырып, 15 жеңілдік санаты үшін сақтандыру жарналарын енгізуде. Бастапқы буынның жұмысы да жетілдірілді: дәрігерлерді қабылдау уақыты ұлғайтылды, жоспарланған қабылдаулар енгізілді және жедел жәрдем кабинеттері ашылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары