Экономикалық және қаржылық тексеріс курсын тәмамдаған шымкенттік студент алған білімін тәжірибеде қолдануға шешім қабылдап, есірткі тасымалдауға қатысы бар екі адамды анықтады. Оның бұл әрекеті полицияның назарын аударып, бүгінде ол өз ісімен өзгелерге үлгі болып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Жас жігіт есірткі тасымалымен айналысқандарды өз бетімен анықтап, олардың әрекеттері туралы полицейлерге хабар берген. Курсты тәмамдаған соң ол күмән тудырған адамдарды бақылап, нақты деректер жинаған. Қазір төртінші курс студенті өз белсенділігімен көпшіліктің ықыласына бөленіп отыр.
«Күдікті азаматтар өздерінің іс-әрекеттері арқылы назар аудартты. Зерттеу барысында олардың мефедрон тасымалымен айналысқаны анықталды. Алдағы уақытта осындай істердің алдын алуға тырысамыз», – дейді ол.
Айта кетейік, 23 қыркүйектен бастап елімізде экономикалық және қаржылық тергеулер бойынша арнайы курс өтіп жатыр. Сабақтарды сала мамандары жүргізіп, студенттерге күмәнді ақша операцияларын анықтау, дәлел жинау және тергеу жүргізу тәсілдері үйретілді. Курсқа қатысқан 80 студенттің ішінен 20 үздік тыңдаушы таңдалған.
Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Данияр Тұрғанбаевтың айтуынша, студенттің мұндай батылдығы күтпеген жағдай болған.
«Ол курста алған білімін пайдаланып, өздігінен әрекет еткен. Қаржылық тәуекелдерді ескеріп, Шымкент аумағындағы есірткі таратушыларды анықтады. Біздің берген ақпарат негізінде полиция екі күдіктіні ұстады», – деді ол.
Болашақта батыл студент Экономикалық тергеу департаментінде жұмыс істеуі мүмкін. Ведомство өкілдері тұрғындарды 10 қазан күні өтетін қаржылық диктантқа қатысып, өз қаражатын қорғау жолдарын үйренуге шақырды.