Англия шіркеуінің 1400 жылдық тарихында алғаш рет әйел архиепископ тағайындалды. Лондон епископы Сара Маллалли Кентербери архиепископы болып бекітіліп, әлемдегі 85 миллион англикан діндарларының рухани жетекшісіне айналды, деп хабарлайды turkystan.kz cnn.com-ға сілтеме жасап.
63 жастағы Маллалли бұған дейін Англияның Бас мейіргері (Chief Nursing Officer) қызметін атқарған. Ол ұзақ жылдар бойы Лондон ауруханаларында медбике болып еңбек еткен, кейін христиандық жолды таңдаған.
«Менің өмір жолым әрдайым Құдайға және адамдарға қызмет етуге бағытталған. Енді сол рухта жаңа қызметімді қабылдаймын», – деді Маллалли тағайындалуынан кейін.
Жаңа архиепископ елдегі шіркеудің дағдарысты кезеңінде қызметін бастайды. Англия шіркеуі соңғы жылдары сенім дағдарысына, консерваторлар мен либералдар арасындағы келіспеушілікке және балаларға жасалған зорлық істерін жасыру дауына байланысты сынға ұшыраған болатын.
Бұрынғы архиепископ Джастин Уэлби былтыр дәл осы себеппен отставкаға кеткен еді. Тәуелсіз тергеу оның 1970-1980 жылдары болған зорлық фактілерін дер кезінде хабарламағанын анықтаған.
Маллалли өз сөзінде:
«Біздің өткендегі қателіктеріміз сенім дағдарысына алып келді. Ендігі мақсат – жәбір көргендерді тыңдау, осал жандарды қорғау және қауіпсіз орта қалыптастыру», – деді.
Бұл тарихи тағайындау 2014 жылы Уэлби бастаған реформалардың арқасында мүмкін болды, дәл сол жылы әйелдерге епископ болуға рұқсат берілген еді.
Алайда шешім бәріне ұнаған жоқ. Африка мен Азиядағы англикан шіркеулерінің кейбір өкілдері мұндай қадамды «дәстүрді бұзу» деп сынға алды.
Соған қарамастан, сарапшылар бұл тағайындауды шіркеудің жаңару кезеңінің символы деп бағалап отыр. Сара Маллалли енді тек діни жетекші ғана емес, сонымен бірге британ қоғамындағы моральдық бағыт беруші тұлға болмақ, ол елдің басты діни рәсімдерінде, соның ішінде корольдік салтанаттарда үлкен рөл атқарады.