Алматы «Дүниежүзілік қолөнер қаласы» мәртебесіне ие болды

/
Алматы «Дүниежүзілік қолөнер қаласы» мәртебесіне ие болды
Алматы әкімдігі

Алматы «Дүниежүзілік қолөнер қаласы» құрметті мәртебесін алған алғашқы қала атанды. Бұл шешім мегаполистің мәдени мұраны сақтау, қолөнер дәстүрлерін дамыту және креативті экономиканы қолдау ісіндегі елеулі үлесін мойындаудың белгісі болды. Бұл туралы Алматы қаласының Туризм басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сертификатты табыстау салтанаты 5 қазан күні Алматыда өткен ALA CRAFT 2025 халықаралық фестивалі аясында өтті. Фестивальге Қазақстаннан, Азиядан, Еуропадан, Австралия мен АҚШ-тан келген 100-ден астам шебер қатысты. Шара Орталық Азиядағы қолөнер саласындағы ең ірі мәдени алаңға айналды.

«Алматының World Craft City мәртебесін алуы – қаламыз үшін маңызды жетістік. Бұл атақ Алматының креативті индустриялар мен мәдени туризмнің орталығы ретіндегі халықаралық беделін арттырады. Сондай-ақ ол қолөнер дәстүрлерін әлемдік деңгейде насихаттауға, білім беру бағдарламаларын және шеберлерге арналған халықаралық резиденциялар жүйесін дамытуға, сондай-ақ қаланың экономикасына ықпалдасқан тұрақты қолөнер экожүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Алматы қалалық Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.

Дүниежүзілік қолөнершілер кеңесінің Азия-Тынық мұхиты аймағы бойынша президенті Джуд ван дер Мервенің айтуынша, Алматының бұл мәртебені иеленуі халықаралық мәдени ынтымақтастық пен шығармашылық индустриялардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Фестивальдің ерекше сәті – әлемдік рекордтың орнатылуы болды: қазақстандық күш атасы, төрт дүркін әлем рекордшысы және Гиннестің рекордтар кітабының иегері Сергей Цырульников небәрі бір минутта тоғыз ат тағасын майыстырып, алдыңғы әлемдік көрсеткіштен үш еседен астам асып түсті. Бұл жетістік ресми түрде Global Book of Records кітабында тіркелді.

Алматы Орталық Азиядағы туристік және мәдени орталық ретіндегі беделін нығайта түсуде: тек 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында қалаға 1,14 миллион турист келіп, оның 323 мыңы – шетелдік қонақтар болды.

World Craft City мәртебесінің берілуі мен ALA CRAFT 2025 фестивалінің өткізілуі мегаполистің креативті экономика мен мәдени туризмді дамытудағы көшбасшылығын дәлелдейді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары