Алпыс жыл асқақтаған тенор

Алпыс жыл асқақтаған тенор

Алпыс жыл асқақтаған тенор
ашық дереккөзі
304
Қазақ ән өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан азамат, Жетісу топырағынан түлеп ұшып, иісі қазақ сүйсініп тыңдайтын әншіге айналған дара дарын иесі, ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов жуырда сексеннің сеңгіріне шықты.  Мерейтойға орай әншінің өнердегі һәм өмірдегі өнегелі жолын арқау еткен «Ән-ғұмыр» атты кітап жарық көрді. «Атакент» көрме орталығында тұсаукесер рәсімі өткен туындыны ең алғашқы оқырмандар даңқты әншінің өз қолынан алды. Тұсаукесер рәсімінің тізгінін ұстаған белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай мерейтой иесінің шығармашылық жолына тоқталып, қазақ ән өнеріндегі орны жайлы сөз етті. «Нағыз әнші – ең әуелі,  халықтың төл өнерін насихаттаушы, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші. Екіншіден, ол – ұстаз, ұлттың жанын, рухын тәрбиелеуші. Өйткені жақсы әншінің ел алдына шықпайтын, үні естілмейтін күні жоқ. Шыны керек, бүгінде жақсы әнші десе, көз алдымызға санаулы-ақ адам елестейді. Сол санаулылардың бірі де, бірегейі – 60 жылдан бері ұлттық ән өнеріне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан әнші, ел ағасына айналған атпал азамат, ҚР Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов»,  – деді жазушы. Белгілі журналист, жазушы Сара Ләтиева да Нұрғали Нүсіпжановтың әншілік, азаматтық болмысы жайлы ағынан жарыла әңгімеледі.  «Тенордың 80 жасқа дейін ән салуы сирек кездесетін құбылыс. Баяғыда Ермек Серкебаев бір сұхбатында: «Егер 80-ге келгенде аяқ-қолым сыр бермей, сахнаға шықсам, дәл осы дауысыммен ән салар едім. Өйткені баритон өзгермейді» деген еді. Сол кісі айтқандай, жастың ұлғаюы баритондар үшін қорқынышты емес. Ал тенорлардың өздері де, дауыстары да нәзік. Тарихқа көз жіберсек, олардың сахналық ғұмыры 30-35 жылдан аспайды екен.  Нұрғали ағамыздың 80 жасқа дейін дауысын сақтай білуі – қасиет. Жуырда опера театрында өткен бір концертте бұл кісі 1,5 сағат бойы үзіліссіз ән салды. 80-ге келіп, халық аспаптар оркестрінің, симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен емін-еркін ән салған тенорды өз басым алғаш рет көрдім және түрегеп тұрып қол соқтым. Алланың берген өнерін аманаттап алып жүрген, өмірде де, өнерде де мәдениеттілік пен зиялылықтың, ұстанымға адалдықтың тамаша үлгісін көрсеткен ағамызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – деді қаламгер. Сара Ләтиеваның Нұрғали Нүсіпжанов жайлы жүрекжарды  лебізі  «Ән-ғұмырға» да енген.  Кітапты құрастырушы, белгілі кинодраматург, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Кино және телевизия» кафедрасының профессоры Ғайнижамал Әбілдинаның айтуынша, жинақтың сырты қандай әдемі болса, іші де сондай тартымды, тағылымды. «Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Бибігүл Нұрғалиқызы екеуміз ақылдаса келе әуелі ағамыздың 80 жас мерейтойына орай деректі фильм түсіруді ойға алдық. Сол фильмнің дайындық жұмыстары басталмас бұрын әншінің өмірі мен өнер жолын әбден зерттеп алайын деген оймен Нұрғали ағадан өзі жайлы деректерді әкеліп беруін өтіндім. Көп ұзамай ол кісі үлкен папка көтеріп келді. Өзінің жазғаны бар, өзгенің жазғаны бар – бір бума қағаз. Қаншама жыл бұрынғы жазбалар мұқият сақталыпты. Сонда Нұрғали ағаның ұқыптылығына қатты таңдандым. Қолыма тиген материалдарды оқып отырып, неге мерейтой иесі туралы кітап шығармасқа деген ой келді.  Бұл ойымды бірден Бибігүл Нұрғалиқызына айттым. «Фильм түсірсек, оны біреу көреді, біреу көрмейді. Үлкен концерт өткізсек, оған біреу келеді, енді біреу келе алмайды. Одан да Нұрғали аға туралы кітап шығарайық. Кітап  ешқашан құндылығын жоймайды, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қала береді» дедім. Ол кісі ұсынысымды бірден қолдап, кітап құрастыру шаруасына кірісіп кеттік. Әншімен аралас-құралас болып келе жатқан қаламгерлерге қолқа салып, жинаққа енетін әдемі дүние жазып берулерін өтіндік. Олар да бастамамызды бірден қолдай кетті. Осылайша көптің еңбегімен «Ән-ғұмыр» атты бас-аяғы жұмыр, мазмұны бай туынды дүниеге келді», – деп Ғайнижамал Әбілдина кітаптың қалай өмірге келгенін баяндап берді. Жиын соңында сөз алып, тұсаукесерге жиналған қауымға, өзі жайлы жылы лебізін білдірген қаламгерлерге алғысын айтқан Нұрғали Нүсіпжанов: «Алла Тағала ерекше дарын, керемет қасиеттің бәрін қазақ халқына берген. Сол Алла берген аманатқа қиянат жасамай, шашпай-төкпей, абыроймен алып жүруді адамдық борыш, әншілік міндетім деп білемін. Бүгін оқырманға жол тартқалы отырған кітап – сіздердің әнге деген ықыластарыңыздың белгісі, өнерге деген құрметтеріңіздің айғағы», – деді. Әншіні ән айтқызбай жібермейтін қауымның өтініші бойынша Нұрғали Нүсіпжанов әуелі «Армандастарды», одан кейін «Саржайлау» мен «Алатауды» әуелетті. Әсерлі әңгіме тыңдап, әсем әнмен сусындап, тағылымды кітап арқалап қайтқан жұрттың әдемі кештен еншілеген олжасы көп.    

Серіктес жаңалықтары