Қазақстанда балаларға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар саны азайды

/
Қазақстанда балаларға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар саны азайды

Кейінгі 9 айдың қорытындысы бойынша, балаларға қатысты ауыр қылмыс саны 18 пайызға азайды, ал тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қалдырылған педофилия фактілері 24 пайызға төмендеді. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның сөзінше, балаларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаюы – қабылданған шаралардың тиімділігінің айғағы.

"Екі жыл бұрын күзде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын.

Содан бері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тұтас жүйені қалыптастыру үшін қажетті заңдар, бағдарламалар мен қаулылар қабылданды.

Қазір әкімдіктер құрылымында Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар құрылып, қорғаншылық органдарының қызметкерлері саны артып келеді. Мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылып, мектептерде QR 111 жүйесі арқылы балалармен тікелей байланыс орнату тәсілі енгізілді.

Бүгінгі басты міндет – қабылданған барлық шараларды сапалы жүзеге асыру. Осы бағытта Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жетекшілігімен мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірлескен ауқымды жұмыс жүргізілуде.

Аймақтарда осы шараларды іске асыру барысында біз шешімді қажет ететін жүйелі мәселелермен қатар, қысқа уақыт аралығында болған оң өзгерістерді де көріп отырмыз. Бұл туралы да айту маңызды.

 Кейінгі 9 айдың қорытындысы бойынша, Қылмыстық кодекстің 5 бабы бойынша балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны 18%-ға азайды, ал тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қалдырылған педофилия фактілері 24%-ға төмендеді.

«Адам өлтіру» және «Ауыр зиян келтіріп, өлімге әкелген» баптар бойынша қылмыстар саны сәйкесінше 22% және 50%-ға азайды.

Балаларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаюы – қабылданған шаралардың тиімділігінің айғағы.

Алайда әр статистикалық көрсеткіштің артында – бір баланың тағдыры тұр. Біздің мақсатымыз – әр баланың өмірі үшін күресу, мұндай қылмыстардың мүлде болмауы үшін барлық күш- жігерімізді салу.", - деп жазды Д. Зәкиева.

Сондай-ақ Зәкиева балалар суицидтерінің 60 пайызы отбасындағы қиын қарым-қатынастармен байланысты екенін атап өтті

"Балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылып жатыр. Барлық өңірде Психологиялық қолдау орталықтарының ашылуы және біртұтас профилактикалық бағдарламаның енгізілуі жағдайды тұрақтандыра бастады. Кейінгі 10 жылда алғаш рет Алматы облысында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид жағдайларының айтарлықтай азаюы тіркелді. Дегенмен, алда әлі көп әрі мұқият атқарылуы тиіс жұмыс тұр. Негізгі себептерді терең зерттеп, тәуекелдерді уақтылы анықтап, балаларға сапалы сүйемелдеу мен психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз ету қажет.

Сонымен қатар, балалар суицидтерінің 60%-ы отбасындағы қиын қарым- қатынастармен байланысты.

Сондықтан бізге келіп түсетін немесе балалар өз өмірлерін қию алдында қалдырып кететін мыңдаған хаттар мен хабарламаларға сүйене отырып, өз отбасынан түсіністік пен жылу таппаған, кінә мен қорқыныштан жалғыз қалған балалардың үнін жеткізе отырып, мен ата-аналар мен барлық ересектерге үндеу жасағым келед", - деп толықтырды ол. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары