Қостанайлық нейрохирург Арқалықтан келген науқастың өліміне байланысты айыпталып отыр. Марқұмның туыстары дәрігердің операцияны мас күйінде жасағанын айтып, дәлел ретінде операциядан кейін түсірілген бейнежазбаны ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған кадрларда Қостанайдың белгілі нейрохирургі бейнеленген. Ол Арқалыққа науқасты ота жасау үшін арнайы көлікпен келген. Марқұмның туыстары осы көлікті тоқтатып, дәрігердің мас күйде болғанын және операциядан кейін қаладан тез кетуге тырысқанын айтқан.
Полиция қызметкерлері оны медициналық сараптамаға жеткізген. Кадрда алкотестер де көрінеді. Марқұмның қызының айтуынша, дәрігердің мінез-құлқы бастапқыда-ақ күдік тудырған. Ота басындағы гематомаға байланысты жасалған. Кейін, туыстарының айтуынша, медицина қызметкерлері де олардың күдігін растаған.
«Операция кезінде медбикелер оның теңселіп тұрғанын, әрең жүргенін байқаған. Операцияны жасап болған соң травматологты шақырған. Травматолог келіп, жара ашық қалғанын, тігуді қажет еткенін айтқан. Кейін медбикелер ол кабинетте ұйықтап жатқанын көрген», – деді марқұмның қызы Әсел Оспанова.
Видеоның операциядан кейін бірден түсірілгені рас па, мұны тергеу анықтайды. Ал Қостанай облыстық шұғыл медициналық жәрдем станциясында дәрігер көлік жүргізбегенін растады.
«Операция өліммен аяқталды. Науқастың қай кезеңде қайтыс болғанын сот-медициналық сараптама мен қосымша қорытындылар анықтайды. Операция бөлмесіне бірнеше маман кіреді, сондықтан кімдер қатысқанын да тексеру керек», – деді Қостанай облыстық шұғыл медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері міндетін атқарушы Олег Мелешенко.
«Операция бөлмесінде адамдар көп болады. Егер дәрігердің жағдайы шын мәнінде дұрыс болмаса, оны жасыру мүмкін емес. Мұндай жағдай байқалса, әріптестері ешқашан науқасты операцияға жібермес еді», – деді «Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қостанай облыстық филиалының төрайымы Татьяна Булгацевич.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, науқастың өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, барлық мән-жайлар анықталуда.