Абай облысының Бестерек ауылында болған қайғылы жол апатынан зардап шеккен тағы бір қыз қайтыс болды. Бала бір айдан астам уақыт бойы комада жатқан, деп хабарлайды turkystan.kz inform.kz-ке сілтеме жасап.
2025 жылдың 19 тамызында Toyota маркалы көлік жүргізушісі Бестерек ауылында жол жиегінде келе жатқан балалар тобын қағып кеткен болатын. Оқиға орнында екі бала көз жұмып, тағы біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болған.
Президенттің тапсырмасы бойынша тірі қалған үш балаға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін оқиға орнына әскери ұшақ жіберілген еді. Кейіннен олардың екеуі санитарлық авиация арқылы Астанаға жеткізілді.
Марқұм болған үлкен қыз алдымен Үржар аудандық ауруханасына, кейін Семей қаласындағы медициналық орталыққа жеткізілген.
Кішкентай науқастың жағдайы өте ауыр болды. Дәрігерлер оның өмірі үшін бар күшін салды, алайда алған жарақаттары тым ауыр еді. Өкінішке қарай, ол есін жимастан қайтыс болды, - делінген хабарламада.
Қалған екі жәбірленуші – Айерке мен Ерәділ Тұрсынғазы ұзақ емделуден кейін үйлеріне оралып, оңалту курсын өтуде.