Аяз: Қазгидромет ауа райына байланысты ескерту жасады

/
Аяз: Қазгидромет ауа райына байланысты ескерту жасады
Pixabay

7 қазанда Қазақстанның 12 облысында ауа райына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.

Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің бірқатар өңірлерінде тұман, аяз, екпінді жел және өрт қаупінің жоғары деңгейі күтіледі.

Ақмола облысында түнде және таңертең батыс пен солтүстік аудандарда тұман түседі.

Ақтөбе мен Атырау облыстарында өрт қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталып отыр.

Жамбыл облысында таулы аудандарда тұман түсіп, желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін күшейеді, ал түнде 1–3° аяз болады.

Жетісу облысында түнгі уақытта 1–6° аяз күтіледі, Алакөл маңында желдің екпіні 20 м/с-қа дейін жетеді.

Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталуда.

Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында түнде және таңертең тұман күтіледі.

Қызылорда облысында күндіз шаңды дауыл соғып, желдің күші 15–20 м/с-қа дейін жетеді.

Түркістан облысында да таулы асуларда жел күшейіп, өңірдің кей жерлерінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Мамандар тұрғындарға ауа райының күрт өзгерісіне дайын болуды, ал жүргізушілерге жолда барынша мұқият болуды ескертеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары