«Таза Қазақстан» – бұл жай сенбілік немесе бір реттік науқан емес. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бірнеше рет атап өткен өмір сүру салты. Табиғатты қорғау, тарихи мұраға құрмет және азаматтық жауапкершілік – осы құндылықтарды бір арнаға тоғыстырған «Жастар рухы» жастар қанатының «Taza Qazaqstan» road-эстафетасы 3000-ға жуық белсендіні ортақ мақсатқа жұмылдырды.
Эстафета Алматыдан бастау алып, «Алматы – Қызылорда» тасжолының бойымен 1200 шақырымға созылды. 200-ден астам белсенді жас бастап шыққан топ әр өңірде жаңа қатысушылармен толықты. Оларға студенттер, жергілікті тұрғындар мен жол бойындағы жүргізушілер қосылды. Осылайша «Taza Qazaqstan» ел бойынша ауқымды экокеруенге айналып, мыңдаған адамды ортақ мақсат төңірегіне топтастырды. Бір апта ішінде 3 мыңнан астам қатысушы 150 тоннаға жуық қоқыс жинап, оны сұрыптап, қайта өңдеуге жіберді. Бұл эстафета табиғатты қорғаудың ғана емес, экологиялық сананы тәрбиелеудің де жарқын үлгісіне айналды.
«Бұл апта бізге тек көшелер мен жолдарды ғана тазалау емес, жалпы қоғамдық ойлау мәдениетін өзгерту қолымыздан келетінін көрсетті. Біз апта сайын «Таза бейсенбі» акциясын өткізіп, тарихи ескерткіштерді вандализмнен қорғаймыз, түрлі экологиялық іс-шаралар ұйымдастырамыз. Енді осының бәрін біріктіріп, ауқымды экоэстафета өткіздік. Табиғатқа жауапкершілікпен қарау – бұл жай ұран емес, өмірлік ұстанымға айналуға тиіс. Ал осы өзгерістің алдыңғы қатарында жастар жүруі керек. Біз Қазақстанның бұл қадамға дайын екенін дәлелдедік», – деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Акерке Искандерова.
Жастар тек жолды ғана емес, елдің киелі нысандарын да тазалады. Экоакция барысында «Ақыртас» тарихи кешені, «Тұлғалар тұғыры», «Бірлік» монументі, Ордабасы тауындағы үш бидің ескерткіші, көне Сауран қалашығы және өзге де ескерткіштер абаттандырылды. Бұл жұмыстар «Вандализмге жол жоқ!» акциясы аясында өтті. Бұл арқылы жастар вандализмге қарсы күрес – бұл ұлттық мұра мен тарихи жадымызды сақтау екенін тағы да бір еске салды.
Өткен жылдың жазында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вандализмге қарсы жауапкершілікті күшейтетін арнайы заңға қол қойды. Бұл заңды Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары әзірледі. Аталған құжат қоғамның сұранысына тікелей жауап болды. Белсенділер бастамашы болған петицияны мыңдаған азамат пен «Жастар рухы» жастар қанаты қолдады.
Күн сайын эстафета «Чемпиондық рух» жобасы аясында таңғы жаттығумен басталды. Самбо, бокс және өзге спорт түрлерінен әлем чемпиондары жастарға шеберлік сабақтарын өткізіп, экологиялық жауапкершілік пен спорттық рухтың үндес екенін көрсетті. Күннің екінші жартысында экологиялық акциялар мен концерттер ұйымдастырылды. Қағаз, әйнек және пластик қалдықтары жиналып, қайта өңдеуге жіберілді. Мұнда экология міндет емес, спортты, музыканы және саналы өмір салтын біріктіретін заманауи мәдениеттің бір бөлшегі ретінде қабылданды.
Эстафетаға «AMANAT» партиясы мен «Жастар Рухы» белсенділерінен бөлек, қоғам қайраткерлері, студенттер, бизнес өкілдері мен жергілікті тұрғындар да қызығушылық танытты.
«Бұл іс-шара туралы әлеуметтік желіден білдім. Экология мәселесіне тек аға буын емес, жастардың да белсенді араласып жүргені қуантады», – деді Шымкент қаласының тұрғыны Бибігүл Қайназарова.
Экоэстафета аясында 7 ауылдық елді мекенде жастармен кездесулер өтті. Экоактивист Диас Талғатұлы мен «Қоғамды экологиялық дамыту орталығы» қоғамдық қорының жетекшісі Танир Ясса жастарға әр адамның жеке экологиялық жауапкершілігі туралы түсіндірді. Олар экологияны ұлттық деңгейдегі ортақ міндет екенін жеткізді. Президенттің тапсырмасымен бастау алған «Taza Qazaqstan» жобасының негізгі мақсаты – табиғатты қорғау мен туған жерге құрметті әр адамның өмір салтына айналдыру. Жоба жастарды қоршаған ортаға қамқорлық жасау арқылы елдің болашағына жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуді көздейді.
Жоба аясында ауыл жастарының қатысуымен бірқатар маңызды кездесулер өтті. Онда білім беру сапасы, жастарды жұмыспен қамту, интернет пен байланыс қолжетімділігі, сондай-ақ бос уақытты тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов, Жарқынбек Амантай, Мұқаш Ескендіров және Мархабат Жайымбетов әр өңірде азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындар ауызсу тапшылығы, жолдардың жағдайы, медициналық қызмет пен әлеуметтік қолдау мәселелерін көтерді. Депутаттар айтылған барлық өтініштер мен ұсыныстарды өздерінің парламенттік жұмысына енгізіп, тиісті мемлекеттік органдарға жеткізетінін айтты. Себебі «AMANAT» партиясының басты ұстанымы – бір реттік акциялармен шектелмей, елдегі өзекті мәселелерді тұрақты бақылауда ұстап, нақты шешім қабылдауға ықпал ету.
Мысалы, Қызылорда облысы Шиелі ауылындағы қоғамдық қабылдау барысында жергілікті тұрғын ауылдық жерлерде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын қайта жандандыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қалаларда тұрғын үй бағасы 30 миллион теңгеден асып, бастапқы жарна шамамен 20 пайызды құрайды. Ал ауылдарда баспана әлдеқайда арзан. Сондықтан егер мемлекет жастарға ауылда ең төменгі бастапқы жарнамен үй сатып алуға мүмкіндік берсе, бұл кадрлардың ауылда тұрақтап қалуына түрткі болып, ауыл шаруашылығының дамуына жол ашар еді. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов бұл ұсынысты қолдап, мәселені Парламент деңгейінде қарауға уәде берді.
«Бұл – өте өзекті бастама. Қазір мемлекеттік ресурстардың басым бөлігі Астана мен Алматыға бағытталып отыр. Ал өңірлерде жас мамандардың тапшылығы сезіледі. Егер қалада бастапқы жарна 20% күйінде қалса, ауылда оны 1–2%-ға дейін төмендету нақты ынталандыру құралына айналары анық. Бұл жастардың ауылда қалуына, ауыл шаруашылығын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашар еді. Мен бұл ұсынысты Үкімет деңгейінде көтеремін», – деді ол.
«Taza Qazaqstan» роуд-эстафетасы Президент тапсырмаларының нақты жүзеге асып жатқанын, сондай-ақ экология – бұл бір реттік сенбілік емес, жаңа ұлттық қозғалыс екенін дәлелдеді. Мұнда жолдарды тазалау, тарихи ескерткіштерді қорғау, спорттық рух пен ел болашағына деген қамқорлық – барлығы біртұтас өмір салтына тоғыстырылған.