Қазақстанда 29 мың гектарға жуық алма бағы бар. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандағы алма бақтарының жалпы алаңы шамамен 29 мың гектар.
Негізінен Алматы, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстарында орналасқан. Тек Алматы және Жетісу облыстарының өзінде алма бақтары 2,4 мың гектардан астам аумақты алып жатыр, мұнда 416 мыңнан артық алма ағашы өсіріледі.
— Бау-бақша шаруашылығы агроөнеркәсіптік кешеннің маңызды бағыттарының бірі. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2014 жылдан бастап фермерлер бақ отырғызу мен интенсивті технологияларды енгізуге арналған инвестициялық субсидиялар алады. Соның нәтижесінде алма өндіру көлемі 43%-ға, ал өнімділік 27%-ға артты, — деді Ербол Тасжүреков.
Вице-министр қазақстандық бақтың символы саналатын апорт туралы айта келе, оның тек алма сорты емес, елдің мәдени мұрасының бір бөлігі екеніне де тоқталды.
— Апортты ұлттық бренд ретінде қайта жаңғырту бағытында нақты шаралар қабылданып жатыр. Аумағын кеңейту, агротехниканы жетілдіру және бұл сортты халықаралық деңгейде танымал ету жоспарланған. Қазір Сиверс алмасының көшеттерін өсіретін питомник құрылды, көшеттер дайындау мен жаңа бақтар отырғызу жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылға дейін 110 гектар апорт бағы отырғызылмақ. Қазақ жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары селекциялық және агротехникалық бағдарламаларды белсенді дамытып келеді. 85 жылдық селекциялық жұмыс нәтижесінде Қазақстанда шамамен 400 сорт пен будандардан тұратын коллекция қалыптасқан, оның ішінде апорт негізінде шығарылған 29 жаңа сорт бар, — деп түйіндеді Ербол Тасжүреков.