«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен көрнекті ақын, жазушы Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған ақындар мен жазушылар арасындағы облыстық әдеби байқаудың марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл игі іс-шара «Ұлы Дала» шығармашылық байқауының аясын кеңейту, жергілікті талантты жастарды қолдау, Жұмекен Нәжімеденовтің әдеби мұрасын насихаттау, кітап оқу мәдениеті мен рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.
Салтанатты рәсімді филиал төрағасы Абдолла Идресов ашып, жас таланттарға шығармашылық шабыт пен сәттілік тіледі.
– Жұмекен Нәжімеденов – қазақ руханиятының темірқазығы, өр рухты поэзияның биік шыңы. Оның шығармалары – ұлттың жаны мен сөзінің шежіресі. Бүгінгі байқау – бір ғана әдеби додадан бөлек, жас қаламгерлердің ой мен сөзге, ұлттық болмыс пен рухани мұраға деген шынайы құрметін көрсетті. Біз әдебиет арқылы ұлттың жүрегін тәрбиелейміз, санаға сәуле, сөзге салмақ береміз. Бүгін жеңіске жеткен жастарға шабыт пен табыс тілеймін! Сөз өнеріне адал болыңыздар! Жұмекен сынды алыптардың ізімен жүру – үлкен жауапкершілік пен абырой, – деді ол.
Әдеби байқаудың бірінші жүлдесін «Поэзия» номинациясы бойынша «Жұмбақ арал» туындысымен Еркеназ Қалижан, «Проза» номинациясы бойынша «Бисембайдың бақыты» шығармасымен Нұрислам Құспанғали иеленді.
Поэзия жанрында ІІ-орынды Рахымжан Орынбасаров «Жұмекеннің жұмбағы», ІІІ-орынды Мұрат Мыңбайұлы «Отан», проза бойынша ІІ-орынды Құндыз Мақсатова «Көкірекке қонған үнсіз күй» және ІІІ-орынды Ақмарал Қосымбаева «Екі жолаушы» туынындысымен ие болды.
Іс-шара барысында сөз алған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, айтыскер ақын Серікбол Панабердиев жас қаламгерлерге қолдау көрсеткені үшін «AMANAT» партиясына ризашылығын білдіріп, бұл бастаманың қазақ әдебиетінің болашағына тың серпін беретінін ерекше атап өтті.
Айта кетейік, І-орын иегерлері байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды.