Мәдениет пен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі талқыланды

Мәдениет пен жасанды интеллектіні  дамыту мәселесі талқыланды
«AMANAT» пар­тиясының баспасөз қызметі

Кеше Парламент мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаевтың төрағалығымен «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі  Miras республикалық кеңесінің отырысы өтті. Жиында мәдениет нысандарын салу және жөндеу, сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы халыққа Жолдауында көтерген жасанды интеллект дәуіріндегі мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері қаралды. 

— Биыл біз Кеңестің екі көшпелі отырысын ұйымдастырдық. Бірі Петропавл қаласында, екінші Қызылорда қаласында өтті. Онда «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасында айқындалған мәдениет объектілерін салу және жөндеу жұмыстары қарастырылды және аймақтағы мәдениет саласының өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Әрине, бұл салада Қызылорда облысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті. Ал, мәдениет саласындағы мәселелер қордаланған өңірдің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Біз Қызылжар өңіріндегі руханият пен мәдениеттің бүгінгі хәл-ахуалын біліп, ха­лық­тың үнін тыңдап қайттық. Оты­рыстың 16 тармақтан тұратын хаттамасы әзірленіп, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдадық, — деді Аманжол Әлтаев. 

Отырыстың бірінші бөлімі «AMANAT» пар­тиясының 2023-2027 жылдарға арнал­ған Жол картасында айқындалған мәде­ниет объектілерін салу және жөндеу жұ­мыс­­тары қарастырылды және аймақтағы мә­­дениет саласының өзекті мәселелері кеңі­­нен талқыланды. Бұл жөнінде Мәде­ниет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов мағлұмат берді.  

Сенатор Нұртөре Жүсіп Қызылорда облысындағы «Руханият сарайлары» тәжірибесін оң үлгі ретінде атап өтті. Дегенмен басқа өңірлерде жоспарлау кезінде жүйесіздік орын алып отырғанын да жасырмады. 

Оның айтуынша, мәдени нысандарды салуда бар инфрақұрылымды тиімді пайдалану керек. Артық шығынға жол берілмеуі тиіс. Мысалы, жаңа мектептердің спорт залдарын мәдени іс-шараларға да бейімдеу тиімді шешім болар еді. Оған қоса, ол елдегі тарихи мұраларды қорғаудағы олқылықтарға тоқталып, Тәжікстандағыдай реставратор мамандарын дайындау тәжірибесін әкелу керегін жеткізді. 

"Түркістандағы кесенелерді жөндеудегі қателіктер, Жошы хан кесенесінің айналасында орын алып жатқан күмәнді жобалар, петроглифтердің жойылу қаупі мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс", — деді ол.

2025 жылдың басындағы ресми мәлімет бойынша республикада 3 076 мәдени-дема­лыс ұйымы, 3 920 кітапхана, 282 музей, 74 театр және 50 концерттік ұйым жұмыс іс­тейді. Бұл ауқымды мәдени желі ел тұр­ғын­дарына қызмет көрсетіп отыр. Деген­мен оның көп бөлігі ауылдық жерлерге тие­сілі. Мәселен, шамамен 1 100-ден астам мә­дениет үйі ауылдық елді мекендерде ор­наласқан. 

Жиында сөз алған Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан еліміздегі мәдениет үйлерінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді.  

– Қазақстандағы мәдениет үйлері – ұлт­тық бірегейлікті сақтайтын әрі қоғам­дық өмірді жандандыратын маңызды мә­де­ни инфрақұрылым. Дегенмен олардың жағ­­дайы әркелкі, бірқатары заманауи та­лаптарға сай болса, көбі ескі ғимараттарда ор­наласқан, күрделі жөндеуді қажет етеді. Көп­теген мәдениет үйі 1960-1980 жылдары са­лынған. Жылу жүйесі, қауіпсіздік талап­тары, сахналық жабдықтары ескірген. Бұл халыққа сапалы мәдени қызмет ұсынуға кедергі келтіреді. 

Екінші үлкен мәселе – кадр тапшылығы. Ауылдық мәдениет үйлерінде кәсіби мә­дени менеджерлер жетіспейді, жастардың көп­шілігі қалаға кетеді. Бұл шығармашылық үйірмелердің дамуын тежейді. 

Үшінші түйткіл – қаржыландырудың тұ­рақсыздығы. Аймақтар арасында бөл­і­не­тін қаражат тең емес, ал орталық­тан­дырыл­ған бюджет көбіне музей, кітапхана, театр секілді нысандарға бағытталады. Қа­ла мен ауыл арасындағы алшақтық ай­қын сезіледі. Алматы мен Астанада ха­лы-қ­аралық фестивальдер, заманауи жобалар өт­кізілсе, ауылдық мәдениет үйлері көбіне дәстүрлі мерекелік іс-шаралармен шекте­ле­ді. Бұл ауыл жастарының өнер мен мә­де­ниетке тартылуын азайтып отыр. Сон­дық­тан барлық мәдениет үйлерінің нақты жағ­дайын анықтап, толық аудит жүргізу маңыз­ды. Сонымен қатар пилоттық бағ­дар­­лама аясында кемінде 50 ауылдық мә­дениет үйін жөндеуден өткізіп, сахналық жә­не дыбыс жабдықтарын мобильді фор­мат­та жеткізуді қолға алу керек, – деді. 

Жиынның екінші бөлігінде Мемлекет бас­шысының биылғы Жолдауында айтыл­ған  жасанды интеллект дәуіріндегі өзекті мә­­­­селелер және оларды цифрлық өзгеріс­тер арқылы шешу жолдарын талқылады.

Жасанды интеллектіні біреулер бәсе­келес ретінде қарастырса, басқалары онды қүнды одақтас ретінде қабылдайды. 

– Театр режиссері ретінде мен жасанды интел­лектіні өзіме ассистент ретінде қарар едім. Қазақстан жағдайында жасанды ин­тел­лектінің ерекше қолданылуын шығар­ма­шылық жаңашылдық әдістері арқылы өз­дерінің Instagram парақшалары мен рилстарда көптеген қаралым жинап, ел ықы­ласына бөленіп жүрген higgsfield.ai плат­формасын айтар едім. Жасап жүрген жұ­мыстарының сапасы өте жоғары дең­гейдегі бұл платформа қазір миллиардерлер продакшнға айналды. ЖИ әсіресе оператор, фох-пуллер сияқты кино саласы маман­дары­ның  орнын басады, – деді Астана қа­ласы музыкалық жас көрермен театры-ның директоры Асхат Маемиров. 

– ЖИ-дің мәтін, сурет, бейне және му­зыка жасау мүмкіндіктері қарқынды да­мып келеді. Бұл ретте медиа саласында ав­торлық құқық мәселесі өзекті болып отыр. Егер ЖИ қазақша контентті пай­да­ланып жаңа өнім шығарса, оның авторлығы кімге тиесілі болмақ? Оны жасаған ЖИ-дің өзі­не ме? ЖИ-ді жасап шығарған компа­ния­ға ма? Әлде, бастапқы деректерді жаз­ған түпнұсқа авторға ма? Немесе пер­нетақ­тада саусақ ұшын ғана қимылдатып, қа­жет­ті промптты (сұранысты) енгізген адамға ма? Мәселен, егер ЖИ-ге Абайдың барлық өлең­дері жүктеліп, ол сол стильде жаңа бір өлең құрастырса, «Бұл жаңа өлеңнің ав­торы ЖИ ме, әлде бастапқы дереккөз – Абай ма?» деген сұрақ туады. Немесе ЖИ-ге бел­гілі композиторлардың шығармалары ен­гізілді делік. ЖИ соның негізінде жаңа әуен жасайды. Бұл әуенді орындағанда, оның түпнұсқалық авторларының құқығы еске­ріле ме? Міне, осы секілді әлі жауабы та­был­маған сауал көп. Мұны заңдық тұр­ғыда нақтылау қажет. Авторлық құқық тура­лы заңға толықтырулар енгізіп, ЖИ туын­дыларын қолдану тәртібін белгілеу керек, – Elorda Aqparat ЖШС директоры Олжас Сыдықбек. 

Жасанды интеллект мәселелері бойын­ша арнайы министрлік құру – әлемдік деңгейдегі жаңа үрдіс. Бұл бағыттағы ал­ғаш­қы қадамды Біріккен Араб Әмірліктері жасап, Жасанды интеллект министрлігін құрды. Аталған мемлекет 2031 жылға дейін осы салада әлемдік көшбасшы болуды стра­тегиялық мақсат етіп отыр. Осы тұрғыда елі­мізде құрылған Жасанды интеллект ми­нистрлігінің де көздеген мақсаты одан кем болмауға тиіс.

– ЖИ-мен толық әрі сапалы жұмыс іс­тей­тін мамандар, өкінішке орай, өте аз.  Біз­де барлық мекемелерде ЖИ бағытын­да­ғы жұмыс ауқымы штаттағы IT немесе прог­раммист мамандарына беріледі. Осы мә­селе шешілуге тиіс, барлық салмақты бір ғана маманға жүктеу дұрыс емес. Елімізде жаңа министрлік құрылды, сондықтан әр мекемеде арнайы бөлім немесе штаттық ЖИ маманы лауазымы енгізілуге тиіс. Ірі мә­дениет ошақтарын қоспағанда аймақ­тардағы ЖИ мамандарын тарту мен оларға бар жағдайды жасау аса маңызды. Барлық мекемелерде бүкіл ұжымға арнайы оқыту­лар жүргізіліп, Жол картасы немесе басқа дең­гейде жоспарлар бекітіліп жұмыс бас­талу керек. Бірақ бұл жоспарда нақты жа­сай алатын және нақты орындалатын жұ­мыс­тар айқындалу керек. ЖИ сапалы жұ­мыс жасау үшін соңғы үлгідегі заманауи жаб­дықтар керек, ол қуаты мықты компью­тер, планшет, ноутбук және мәтінді оқи ала­тын сканер алыну қажет. ЖИ жүйесін пай­далану үшін арнайы программаларды жүк­теп, оларға ақылы негізде жазылу ке­рек, – деп түйіндеді ойын «Қолжазбалар жә­не сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов. 

Мемлекет басшысы осы Жолдауында алд­ағы үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру жөнінде ауқымды міндет қойған болатын. Өткен аптада Мә­жіліс қабырғасында «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Бұл маңызды құжат – еліміздегі жасанды интеллектіні да­мытудың құқықтық негізі болмақ. Сон­дай-ақ жасанды интеллектіні әзірлеу және енгізу үшін Ұлттық платформа құрылады.

А.БИМЕНДИЕВА

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары