3 қазанда Қазақстанның 16 өңірінде жауын-шашын, қар және аяз болжанып отыр. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында түнде 1-3 градусқа дейін аяз болады. Түркістан мен Жамбылда желдің екпіні 20 м/с-қа жетеді. Бірқатар өңірлерде тұман түсіп, көктайғақ пайда болады.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жауын-шашын қарға ұласып, кей жерлерде қалың қар күтіледі. Өскемен мен Семейде де түнде жаңбыр соңы қарға айналмақ. Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында да қар аралас жаңбыр жауып, жел күшейеді.
Атырау, Ұлытау және Маңғыстау облыстарында төтенше өрт қаупі сақталуда.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт құбылуына байланысты сақ болуға және жолда барынша абай болуға шақырады.