Таза бейсенбі – туған өлкемізге деген жанашырлықтың нақты көрінісі – белсенділер

Таза бейсенбі – туған өлкемізге деген жанашырлықтың нақты көрінісі – белсенділер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында «AMANAT» партиясы еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі «Таза бейсенбі» акциясын өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды, қоғамды бірлікке шақыруды және әрбір азаматтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруды мақсат еткен іс-шараға партия мүшелерімен бірге жергілікті тұрғындар, жастар мен еріктілер белсенді атсалысты.

Абай облысы Курчатов қаласында өткен акция барысында қала саябағы тазартылып, 1,5 тонна қоқыс жиналды. Іс-шараға партия мүшелері, мәслихат депутаттары мен жастар қатысты. Сондай-ақ 1000 шаршы метр аумақ абаттандырылды.

Ақмола облысы, Көкшетау қаласында 100-ден астам бастауыш партия ұйымының мүшелері «Бәйтерек» саябағын қоқыстан тазартты. Бірнеше тонна қалдық жиналған аумақ тұрғындар үшін жаңаша абаттандырылды.

Ақтөбе облысында партияластар республикалық маңызы бар жол бойын қоқыстан тазалап, 2,5 тонна қалдық шығарды.

«Біз “Таза бейсенбі” экологиялық акциясына белсенді қатысып келеміз. Осыған дейін Алға қаласындағы орталық саябақ пен Елек өзенінің бойын жинасақ, бүгін күре жолдың бойына тазалық жұмыстарын жүргіздік. Өкінішке қарай, көлік жүргізушілері мен жолаушылар жол жиегіне бейберекет қоқыс тастап кетеді. Сондықтан экологиялық мәдениетті қалыптастыру өте маңызды», – деді «AMANAT» партиясының Алға аудандық филиалының атқарушы хатшысы Динара Кубесова.

Атырау облысы, Мақат ауданында да акцияға жергілікті мекемелер мен ұйымдар белсене қатысты. Кент көшелері мен қоғамдық орындар тазаланып, санитарлық жұмыстар жүргізілді.

«Бүгінгі “Таза бейсенбі” тек тазалық жасау емес, бұл – қоршаған ортаға, туған өлкемізге деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Табиғатқа жанашырлық – елге жанашырлықтың бастауы. Біз бірлесе әрекет етсек, келешек ұрпаққа таза әрі көрікті мекен қалдыра аламыз», – деді «AMANAT» партиясы Мақат аудандық филиалының атқарушы хатшысы Айбол Долдашев.

Елордада «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының аумағын тазалап, ерекше қажеттіліктері бар балаларға жайлы орта қалыптастыруға атсалысты. Акция барысында орталықтың айналасы қоқыстан тазартылып, жасыл желекке күтім жасалды.

Шымкентте жыл басынан бері 39 рет «Таза бейсенбі» өтіп, 30 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бұл жолы да тұрғындар мен жастар Қаратау ауданындағы аумақты тазалап, спорт алаңдарын ретке келтірді. Іс-шараға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиал атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, қалалық және аудандық партия қызметкерлері, жастар мен еріктілер, сондай-ақ коммуналдық шаруашылық мекемесінің мамандары қатысып, аумақты абаттандыруға үлес қосты.

Қарағанды облысы Теміртау қаласында Еңбек Даңқы саябағында партия мүшелері мен Qarmet компаниясының қызметкерлері бір тоннадан астам қоқыс жинады.

Қызылорда облысы, Сырдария ауданында «Тағзым» алаңы да қоқсытан тазартылды. Шөптер шабылып, ағаш түптері әктеліп, аялдамалар жуылды.

«Тазалық өзіміз үшін қажет. “AMANAT” партиясы тарапынан жергілікті әкімдікке қарасты барлық ұйым, мекемелермен бірге тазалық жұмыстары апта сайын жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстардың барлығы табиғатқа жанашырлықпен қарау, туған өлкеміздің экологиялық ахуалын сақтауға бағытталуда», – деді партияның Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы.

Дәл осындлай жұмыстар Атырау облысы Түпқараған ауданында Форт-Шевченко қаласында өтті. Иса-Досан батырларға және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш-мемориал аумағы тазартылып, 350 келі қоқыс шығарылды.

Ал Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында тұрғындар мен жастар бірігіп, Бескөл ауылын тазалады. Сонымен қатар игі іске бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, кәсіпкерлер мен белсенді ауыл тұрғындары да атсалысты.

Ал Ұлытау облысы Қаражал қаласында акция белсенді өтті. Тұрғындар бірлесіп, балалар ойын алаңын қоқыстан тазалап, сынық әткеншектер мен сырғанақтарды жөндеді.

Жалпы, «Таза бейсенбі» акциясы еліміздің өзге өңірлерінде де өткізілді. Былтыр маусым айында бастау алған акция аясында 1000-нан астам ластанған учаске тазаланып, абаттандырылды. Жалпы акцияға 90 мыңға жуық адам қатысып, 160 мың тоннадан астам қоқыс жиналды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары