«Қоршаған ортаға жанашыр болу, оған үлкен жауапкершілікпен және шынайы қамқорлықпен қарау ұлттық идеологияның өзегі болуы керек». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында қамтылған осы тапсырма «Жастар Рухы» жастар қанатының «Taza Qazaqstan» road-эстафетасына сенімді серпін берді. Бұл бір күндік акция емес – өмір салты. Ол еліміздің жасыл болашаққа деген жалпы бағытын айқындайды. Сондықтан оңтүстіктегі негізгі күретамыр саналатын Тараздан Шымкентке дейінгі жол – қарапайым әрі аса маңызды ережені еске салады. Яғни, тазалық – бұл таңдау, жауапкершілік және туған жерге деген құрмет.
Бүгін road-эстафетаға қатысушылар Тараздан Шымкентке дейін 200 шақырымға жуық жол жүріп өтті. Бұл жолда күн сайын көлік ағыны толастамайды. Соған байланысты, жол жиегінде қоқыс та көп жиналып қалады. Эстафета тек ауқымды экологиялық қозғалыс емес. Ол «Жасыл күн тәртібі» жолында мемлекеттің, қоғамның және жастардың күш-жігерін қалай біріктіруге болатынының жарқының үлгісіне айналды. Бір күнде акцияның 200-ден астам қатысушысы 30 тоннаға жуық қоқыс жинады. Жалпы, үш күнде рухтастар Жамбыл облысы аумағындағы 6 аудан мен 1 қаланы басы өтіп, 500 шақырым жол жүріп, оның барысында 90 тоннадан астам қоқыс жиналды.
Жиналған қалдықтар арасында пластикалық бөтелкелер, сөмкелер, шыныдан жасалған заттар, орамалар және бір реттік ыдыс-аяқтар бар. Қайта өңдеуге болатын барлық зат бірден сұрыпталды: пластик, қағаз және шыны. Белсенділер атап өткендей, тазалық – тазаланған жерде емес, оған жол берілмеген жерде. Сондықтан эстафетаның міндеті – қоғам назарын экология мәселесіне аудару, жаңа әдеттерді қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін орнықтыру.
Жолай экологиялық керуенге жергілікті тұрғындар да қосылды. Көлік жүргізушілері не болып жатқанын білу үшін арнайы тоқтап, кейбіреулері тіпті қолұшын созды. Бұл – нақты іс кез келген сөзден артық екенін көрсетті.
Айта кетейік, жұмыс тек тас жол жиегінде ғана емес, сонымен қатар елді мекендерде де жүргізілді. Бауыржан Момышұлы және Тұрар Рысқұлов ауылдарында жастармен кездесулер өтті. «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова, экобелсенді Диас Талғатұлы және «Қоғамның экологиялық дамуы орталығының» жетекшісі Танир Ясса жастармен әңгімелесіп, олардың қызығушылығына құлақ түрді. Өскелең ұрпақты интернетке және цифрлық сервистерге қолжетімділік, жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндіктері мен квоталар, жұмысқа орналасу және бос уақытты тиімді өткізу сынды мәселелер толғандырады. Жас азаматтар ауылдың болашағы туралы сұрақтарын жолдап, жұмыс орындарын, мәдени және спорт алаңдарын ашуға, білім беру ісіне көбірек көңіл бөлуді ұсынды.
«Біз тек жол жиегін тазалауға немесе қоқыс жинауға келген жоқпыз. Біздің мақсатымыз – сіздермен алдағы болашақты талқылау, елдің қалай дамып жатқаны туралы пікірлеріңізді білу. Бүгінде ауыл жастары интернет сапасынан бастап, бос уақытты тиімді өткізу орындарының жетіспеушілігі, қолжетімді оқу квоталары мен үйге жақын жердегі жұмыс орындарының тапшылығы мәселесіне дейінгі нақты қиындықтарға тап болады. Бірақ біз, жас ұрпақ, жағдайды жақсы жаққа қарата өзгерте аламыз. «Taza Qazaqstan» эстафетасы – тек жол тазалығы ғана емес, ой тазалығы, жауапкершілік мәдениеті. Экологияға, тарихымызды сақтауға және Отанымызға қамқорлық жасауға ұмтылу – бұл біздің ұлттық идеологиямыздың маңызды бөлігі. Әр азамат осыны жіті түсінуге тиіс. Егер жақсы жаққа қарай өзгеруді өзімізден бастайтын болсақ, Қазақстан нағыз жасыл әрі заманауи елге айналады. Ол – біздің ортақ жетістігіміз», – деді Ақерке Искандерова.
Эстафета өңірлік әкімдіктер мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен өтуде. Олар қоғамдық ұйымдармен бірге «Жасыл күн тәртібін» нақты жүзеге асырып, қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеуге жіберу, контейнерлік алаңдар мен магистральдар бойында абаттандырылған аялдамалар орнату жұмысына жауап береді. Әдет – жағымды жағдай жасалған жерде қалыптасады. Ал мемлекет, қоғам және белсенді жастар иық тірескен кезде жағымды жағдай жасалады.
«Taza Qazaqstan» – жаңаша өмір сүруге үйрететін жол. Онда немқұрайлыққа, вандализмге орын жоқ. Табиғатқа, тарихқа құрмет пайда болады. Осы бағытпен неғұрлым сенімді жүретін болсақ, түпкі мақсатымыз жақындай түседі. Мемлекет басшысы айтқандай, «Жұрт болып жұмылудың арқасында 860 мың гектардан астам аумақ тазаланды, төрт миллионнан астам ағаш отырғызылды. Осындай белсенді жұмысты жалғастыра берсек, аңсаған арманымызға жетіп, Қазақстан нағыз жасыл ел болмақ. Ал бұл келешек ұрпаққа керемет үлгі-өнеге және өсиет болып қалары анық».