Америкалық миллиардер, SpaceX компаниясының басшысы Илон Маск Марсты «АҚШ-тың бөлігі» деп атап, өмірінің соңын онда өткізуге қарсы еместігін мәлімдеді. Кәсіпкер бұл туралы өзінің X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Менің бір-ақ төлқұжатым бар және ол мәңгілік: АҚШ. Мен осында немесе Марста (АҚШ-тың бөлігі) өмір сүріп, осында өлемін», – деп жазды Маск.
Илон Маск бұған дейін де SpaceX-тің басты мақсаты – Марсқа ұшу екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, бұл миссия барысында Айға да қайта бару мүмкіндігі бар.
Дегенмен, Масктің әкесі Эррол қазіргі жағдайда Марсқа ұшуды орынсыз деп санайтынын мәлімдеген еді. Ал NASA өкілдері алдағы бес жылда адамдарды Марсқа жеткізетін миссияны жүзеге асыру мүмкін еместігін айтады. Олардың пікірінше, мұндай сапар көптеген белгісіз қауіп-қатерлерге толы.
Осылайша, Маск Марсты АҚШ аумағы деп атауымен және онда өмір сүріп, өлу ниетімен тағы да көпшіліктің назарын аударды.