Шымкент қалалық №2 ауруханасының дәрігерлері 104 күн шала туған шақалақтың өмірі үшін күресіп, оны аман алып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 17 маусымда кішкентай Мұхаммедали жүктіліктің 26 аптасында, салмағы 680 грамм, бойы 32 см болып дүниеге келген.
«Бұл – экстремалды шала туу, өмірге аса қауіпті жағдай», - дейді дәрігерлер.
Алғашқы күннен-ақ дәрігерлер тыныс жеткіліксіздігі, қан кету және инфекция қаупі сияқты ауыр диагноздармен күрескен. Нәресте жансақтау бөлімінде аппарат көмегімен тыныс алып, тәулік бойы мамандардың жіті бақылауында болған.
Біртіндеп салмақ қосып, жағдайы жақсарған сәби патология бөлімінде емін жалғастырған. 41 аптада салмағы 2490 грамм жеткен ол дәрігерлердің шешімімен үйіне шығарылған.
Мұхаммедали – отбасындағы төртінші бала. Анасы медицина қызметкерлеріне, оның ішінде неонатолог дәрігерлер Насиба Қалматқызы мен Гүлбайра Орынбасаровнаға шексіз ризашылығын білдірген.