Ұлытау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында құрдасына металл кастетпен шабуыл жасаған жасөспірімнің ісі қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 8 наурызында жасөспірім Б. заңсыз түрде өзімен бірге кастет алып жүрген. Қақтығыс кезінде ол танысы Ю.-ды қабырға тұсынан ұрған.
Жәбірленушінің сол жақ 7–8 қабырғасы сынып, жылжыған. Бұл ауыр дене жарақаты деп бағаланды.
«Прокурор кәмелетке толмаған айыпталушы Б.-ны ҚР ҚК-нің 287-бабы 1-бөлігі және 106-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасады деп танып, оған түпкілікті жаза ретінде 3 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады», — деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот Б.-ның кәмелетке толмағанын, бұрын жауапкершілікке тартылмағанын, сондай-ақ оның шын жүректен өкінуін және жанжалға себеп болған жәбірленушінің заңға қайшы әрекеттерін жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Жасөспірім Б. суық қаруды заңсыз алып жүру және қасақана ауыр дене жарақатын келтіру (ҚР ҚК 287-бабы 1-бөлігі, 106-бабы 1-бөлігі) бойынша кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда, ҚР ҚК 63-бабын қолданып, сот бұл жазаны 1 жыл мерзімге пробациялық бақылаумен шартты жазаға ауыстырды.