Қытайлық «POWERCHINA» корпорациясы елімізде энергетика және су шаруашылығы бойынша бірлескен жобалар іске асырмақ

Қытайлық «POWERCHINA» корпорациясы елімізде энергетика және су шаруашылығы бойынша бірлескен жобалар іске асырмақ

ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек «POWERCHINA» корпорациясының вице-президенті Чэнь Гуаньфу бастаған делегациямен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар корпорацияның Қазақстанда энергетика және су шаруашылығы салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысуын кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Олардың қатарында гидроаккумуляциялық электр станцияларын, жаңартылатын энергия нысандарын және тазарту құрылыстарын салу бар. Сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдану перспективаларына, электр энергетикалық жабдықтарды өндіруді жергіліктендіру және инженер кадрларды даярлау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Ғ.Оспанқұлов компаниямен ынтымақтастық озық технологияларды енгізуге және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, орнықты дамуына ықпал ететін ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті: «Біз «POWERCHINA»-ның қатысуымен жобаларды Қазақстан энергетика секторын жаңғыртуға қосатын маңызды үлес деп қарастырамыз. Корпорация ірі инфрақұрылымдық шешімдерді жүзеге асырудағы бай тәжірибеге және жоғары біліктілікке ие, ал біз мұндай бастамаларды елімізде табысты жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз».

Өз кезегінде Чэнь Гуаньфу компанияның ұзақ мерзімді серіктестікке дайын екенін атап өтіп, Қазақстанды Орталық Азиядағы жобаларды дамыту үшін стратегиялық бағыт ретінде қарастыратынын жеткізді. Ол «POWERCHINA» Қазақстанда жаңартылатын энергетика және су ресурстарын басқару саласында толық шешімдер циклін құру мүмкіндігін қарастырып отырғанын да айтты.

POWERCHINA – әлемнің 130 елінде жобаларды жүзеге асырып жатқан Қытайдың ең ірі энергетикалық және құрылыс корпорацияларының бірі. Компания гидро және жылу электр станцияларының, жаңартылатын энергия нысандарының, көлік және қалалық инфрақұрылымның, сондай-ақ су шаруашылығы саласының құрылысы бойынша жетекші орынға ие.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары