Қостанайда уролог-хирург Антон Кистановқа жасалған шабуыл ісі бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Биыл шілде айында хирург Антон Кистановқа қабылдау бөлмесінде науқас шабуыл жасаған. Дәрігер соққыдан есінен танып, бас ми жарақатымен жансақтау бөліміне түскен. Қылмыстық іс Қостанай қалалық №2 сотында қарала бастады. Айыпталушы – Абылайхан Сәрінжіпов.
Сот отырысы ашық өтіп жатыр. Айыпталушы бұған дейін мас күйінде жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізгені үшін қоғамдық жұмыстарға тартылған.
Қазір оған ҚК 114-бабы 3-бөлігі («Абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіру») бойынша айып тағылып отыр.
Іс материалдарына сәйкес, 17 шілде күні таңертең Абылайхан Сәрінжіпов денсаулығы нашарлағанын айтып, қайтадан ауруханаға жүгінген. Тіркеу бөлімінде оған қабылдау бөлмесінде дәрігерді күту керектігі айтылған. Осы уақыт ішінде ол бірнеше рет медицина қызметкерлеріне бел аймағындағы ауырсыну мен уролог дәрігерді ұзақ күткеніне шағымданған.
«Шамамен сағат 12:30-да уролог Кистанов қабылдау бөлмесінде Абылайхан Сәрінжіповті қабылдаған. Сол жерде дәрігерді ұзақ күткеніне байланысты олардың арасында сөз таласы туындаған. Жанжал барысында Сәрінжіпов әдейі оң қолымен жәбірленуші Кистановтың ерін тұсына бір рет соққы жасаған. Соққыдан Кистанов жерге құлап, желкесімен қабырғаға соғылған. Салдарынан алған жарақаттарымен жансақтау бөліміне жеткізілген», – деп айыптау актісін прокурор Айгүл Мұсаева оқып берді.
Жәбірленуші дәрігер Антон Кистанов сотта берген жауабында жарақаттың сипатына байланысты кабинеттегі оқиға есінде жоқ екенін айтты.
Жәбірленушіден кейін айыпталушы өз түсініктемесін берді. Ол жасаған ісіне өкінетінін айтып, кешірім сұрады. Дегенмен, мұндай әрекетке дәрігердің өзі итермеледі деп санайтынын жеткізді. Айтуынша, дәрігер мен басқа да аурухана қызметкерлері оған дөрекілік танытқан.
Процесс аяқталғанға дейін айыпталушының жәбірленушіге 2 млн теңге моральдық залалды өтеуге мүмкіндігі бар. Әзірге тараптардың мәмілеге келу-келмеуі белгісіз. Келесі сот отырысында ауруханадағы жанжалға куә болған адамдардың жауабы тыңдалады.