Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «AMANAT» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау кестесіне сәйкес кезектілік тәртібімен жазылған азаматтарды қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар негізінен инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарға қатысты мәселелерін ортаға салды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ең әуелі сөз алған Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылының тұрғыны әрі аудандық мәслихат депутаты Шаагзам Купидинов ауылда электр қуаты жиі үзіліп, бұл тұрмыстық тұрғыда да, әлеуметтік нысандардың жұмысында да айтарлықтай қиындық туғызып отырғанын айтты.
Әкімнің сөзінше, Тұздыбастау ауылын электрмен қамтамасыз етіп отырған №13 қосалқы станцияның қуаты жеткіліксіз.
«Бұл мәселені шешу үшін Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2026–2027 жылдары жаңа «Белбұлақ» қосалқы станциясын салу жоспарланған. Сонымен қатар №13 станциядағы жүктемені азайту мақсатында Алматы қаласы әкімдігі тарапынан жаңа тарату пунктінің құрылысы жүргізілуде. Жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Осыдан кейін Тұздыбастау ішіндегі электр желілерін жаңарту қарастырылады», – деді облыс басшысы.
Энергетика мәселесінен кейін тұрғындар білім саласын қозғады. Еңбекшіқазақ ауданы, Ақтоған ауылының тұрғыны, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Хачиз Сумазова ауылға жаңа мектеп салуды сұрады.
Оның айтуынша, қолданыстағы ғимараттардың бірі 1950 жылы, екіншісі 1983 жылы салынған. Екеуі де күрделі жөндеу көрмеген. Қазір 165 оқушы екі кезеңмен білім алып жүр, спорт және мәжіліс залдары жоқ. Әкім бұл сауалға да нақты деректермен жауап берді.
«Ақтоған ауылына 180 орындық жаңа мектеп салуға жобалық-сметалық құжаттама дайын. Жобаның құны – 2,6 млрд теңге. Мемлекеттік сараптамадан өткен. Алайда қазір облыста ең алдымен үш ауысымды оқыту проблемасын шешу басты міндет болып отыр. Сондықтан Ақтоғандағы мектеп мәселесі алдағы уақытта қаржылық мүмкіндікке қарай қарастырылады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Көтерілген үшінші мәселе – ауызсу. Іле ауданының тұрғыны Абдрахман Смайлов Ащыбұлақ ауылдық округіндегі «Жомарт» саяжайында су жүйесінің құрылысы тоқтап қалғанын айтып, оны аяқтап беруді сұрады. Бұл жолы да әкім нақты жобалық мәліметтерді келтірді.
«Жобада 18,7 шақырым магистральдық су құбыры желілерін салу, үш су алу ұңғымасын бұрғылау, әрқайсысы 500 текше метрлік екі су қоймасын орнату және екінші көтергіш сорғы станциясын салу көзделген. Қазір құбыр төсеу мен үш ұңғыманы бұрғылау аяқталды. Құрылысты толық бітіру үшін облыстық бюджеттен қосымша 700 млн теңге қажет. Өткен жылы республикалық және жергілікті бюджет есебінен 441,4 млн теңге бөлінді. Ал биыл тағы 50 млн теңге қарастырылған», – деді өңір басшысы.
Қабылдау барысында тұрғындарға заңдық тұрғыдан түсініктеме беріліп, кейбір мәселелер бойынша жауап сол жерде айтылды. Әкім әрбір өтінішті жеке бақылауына алатынын жеткізді.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне түскен өтініштер назардан тыс қалмайды. Мамандар әрбір мәселені зерделеп, шешімін заң талаптарына сәйкес қарастырады. Тұрғындар облыс әкімінің қабылдауына egov порталы, «е-otinish» бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш беру арқылы тіркеле алады.