Qazsport телеарнасы «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының тікелей көрсетілімі кезінде ақаулықтар болғанын растап, халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Құрметті көрермен! «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчының трансляциясы барысында техникалық ақаулар туындап, көрерменге ойынның онлайн көрсетілімін толық көрсету мүмкіндігі болмады. Корпорация матчқа дейін толықтай техникалық дайындық шараларын жүргізді. Серверлердің қуаттылығы әдеттегіден үш есе көбейтіліп, бейне ағынын жеткізу қызметі оңтайландырылды. Алайда, матч басталған сәттен туындаған мәселені жедел шешуге тырысқанымызбен, интернет желісіндегі сыртқы қиындықтарға байланысты ақауларды толықтай ретке келтіру мүмкін болмады.
Қазір мәселеге қатысты кешенді техникалық талдау жүргізілуде.
Туындаған қолайсыздықтар үшін көрерменнен кешірім сұраймыз», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, көпшілік «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчы кезінде Qazsport және Qazaqstan телеарналарының сайты істен шыққанын және онлайн трансляция болмағанын айтып, наразылықтарын білдірді.
Еске сала кетейік, 30 қыркүйек күні Алматының Орталық стадионында Чемпиондар Лигасының жалпы кезеңінің екінші тур ойыны өтті. Бұл кездесуде «Қайрат» клубы «Реал Мадридке» қарсы ойнап, 0:5 есебімен ұтылды.