Қаржылық мониоринг агенттігі Алматыда «Boxy Wealth» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Агенттіктің ақпаратынша, ұйымдастырушылар өздерін инвестициялық компания ретінде таныстырып, салымшыларға жарнамалық материалдарды қарау арқылы жоғары табыс табуды ұсынған.
«Олар күн сайын 5%-дан 10%-ға дейін, яғни айына 150%-дан астам және жылына 1800%-дан жоғары кіріс табатынына уәде еткен. Сондай-ақ, рефералдық сілтемелер арқылы жаңа қатысушыларды тартқан жағдайда 10% көлемінде дивиденд төлеу қарастырылған.
Салымшылардың ақшалай қаражаттары дропперлердің атына рәсімделген банк карталарына қабылданып, кейін жасыру мақсатында пайдаланылған криптовалюта әмияндарына аударылған.
Қазір 230 млн теңге көлемінде залал келтірілген 180-нен астам азамат жәбірленуші деп танылған.
Қаржы пирамиданың ұйымдастырушысы 2 ай мерзімге қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр», - делінген хабарламада.