Қазақстандық әзірлеушілер теміржол вагон паркін кешенді басқаруға арналған цифрлық платформа ұсынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«ИННОПРОМ. Беларусь» халықаралық көрмесінде көрсетілген шешім экономикалық тиімділікті едәуір жақсартуға және логистикадағы операциялық үдерістерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
NU технопаркінің резиденттері әзірлеген IT-өнімдерді енгізу Мемлекет басшысының экономиканың негізгі секторларын цифрлық трансформациялау және еліміздің транзиттік әлеуетін нығайту бойынша алға қойған міндеттеріне сәйкес жүргізілуде.
Әзірлеудің негізі операторлық компаниялардың барлық жұмыс процесін біріктіретін бірыңғай бағдарламалық ортаға негізделген. Платформа өтінімнің толық өмірлік циклін басқарады, талдау жүргізіп, есеп беруді автоматтандырады. Жүйе қазірдің өзінде төрт елде – Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресейде сәтті жұмыс істеуде және 100 мыңнан астам вагонды басқарады.
Платформаның негізгі элементі – ең күрделі мәселені, яғни вагон паркін оңтайлы жоспарлау мен орналастыруды шешу үшін жасанды интеллектіні (ЖИ) пайдалану. ЖИ деректер массивін талдайды және тасымалдау кірісіне тікелей әсер ететін ең тиімді логистикалық шешімдерді ұсынады.
«Біз өз клиенттерімізге бос жүрісті 10%-ға дейін оңтайландыруға көмектестік. Бұл – үлкен операциялық көрсеткіш. Біздің алгоритмдеріміздің көмегімен олар оңтайландыру, адамның қатысуымен жіберілетін қателіктерді жою, кейбір процестерді автоматтандыру және ЖИ көмегімен жоспарлау арқылы әр вагоннан айына $20-дан көп табыс таба бастады. Яғни, вагонды қандай өтінімге беру керектігін жүйе өзі шешеді»,— деп атап өтті әзірлеуші компанияның өкілі Әнуар Сәрсембинов.