«QAITADAN» фильмі – мемлекет қаражатын 5 есеге артығымен ақтаған алғашқы жоба

/
«QAITADAN» фильмі – мемлекет қаражатын 5 есеге артығымен ақтаған алғашқы жоба
Ашық дереккөзден

Әлеуметтік желіде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «QAITADAN» көркем фильмі жайында сөз етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Министр отандық фильмның кинопрокаттағы жетістігімен құттықтады.

«Үш аптадан бері отандық кинопрокатта көш бастаған «QAITADAN» көркем фильмі 1 млрд теңгеден астам табыс тапқандығымен шығармашылық ұжымды шын жүректен құттықтаймын!

Бұл кино өндірісіне жұмсалған мемлекет қаражатын бес есеге артығымен ақтаған алғашқы жоба. 2023 жылы питчинг жеңімпазы атанған кинотуынды – жас режиссёр Думан Еркімбектің толықметражды дебюті. Осындай креативті, бастамашыл әрі отаншыл жастарды қолдау бәріміздің ортақ міндетіміз.

Фильмде отбасы институты дәріптеліп, әлеуметтік жауапкершілік пен адамгершілік қағидаттары көрініс табады. Себебі өзіңді ғана емес, айналаңды, тіпті тұтас қоғамды құтқаруға ұмтылу – әр адамның міндеті.

Киноның әр диалогы – қоғамға ой тастайды, әр көрінісі – көрерменнің жүрегіне жақын.

Қазіргі таңда «QAITADAN» фильмі еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілуде. Барша көрермен қауымды осы туындыны бірге тамашалап, ұлт рухын асқақтатар отандық жобамызды қолдауға шақырамын! Арнайы алтын уақыттарыңызды бөліп, киноға келіңіздер. Фильмнен жағымды әсер алып, бір толқында болып, бірге ой түйейік. Шынайы еңбектің бағасын беріп, киногерлерімізге дем берейік», - деді Аида Балаева.

Сонымен қатар министр ұлттық киноны дамыту бағытына аса назар аударды.

«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында киноға қатысты: «Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек» - деген болатын.

Кино ұлтты ұйытып, болашақ ұрпақты тәрбиелеуі тиіс. Сапалы, сауатты, талғамы биік картиналар саны артқан кезде ғана отандық киноның еңсесі биік болады.

Сондықтан министрлік ұлттық киноны дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.

Баршаңызға сәттілік тілеймін!», - Ақпарат және қоғамдық даму министрі деді Аида Балаева.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары