Еліміздегі тұңғыш британдық жоғары оқу орны – De Montfort University Kazakhstan (DMUK) биыл өзінің алғашқы салтанатты диплом тапсыру рәсімін өткізді. Мерекелік шара бүгін Алматы қаласында өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл айтулы оқиға – университеттің академиялық жетістіктерін айқындайтын маңызды кезең. 2021 жылы құрылған DMUK қысқа уақыт ішінде халықаралық стандарттарға сай беделді оқу орнына айналып, факультет пен Global MBA бағдарламасын тәмамдаған алғашқы 200 түлекті ұясынан ұшырды. Олардың 90 пайызы үздік үлгеріммен (First Class және Upper Second Class – 2:1) диплом иегері атанып, британдық білім сапасының жоғары деңгейін дәлелдеді.
Салтанатты жиынның құрметті қонақтары қатарында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксворти болды.
Министр Саясат Нұрбек:
«Соңғы жылдары Қазақстан жоғары білім саласында елеулі өзгерістерге қол жеткізді. Еліміз бүгінде жаһандық академиялық кеңістікке еніп қана қоймай, Орталық Азиядағы білім беру хабына айналып келеді. Бұл жолдағы маңызды қадамдардың бірі – жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашу. Қазір елімізде 40 стратегиялық кампус ашу бағдарламасы іске асып жатыр. Осы бағыттағы зор жетістіктің айқын көрінісі – De Montfort University Kazakhstan-ның алғашқы түлектерінің бітіру рәсімі. Бұл оқиға Қазақстандағы жаңа дәуірдің жарқын символына айналды», – деді түлектерді құттықтау сөзінде.
DMUK бас директоры Хью Мартин Хегарти:
«Университетіміз қысқа уақыт ішінде батыл идеядан халықаралық деңгейдегі академиялық ортаға айналды. Бүгінде DMUK – Орталық Азиядағы жетекші халықаралық оқу орны. Алғашқы түлектеріміз – біздің амбициямыздың, төзімділігіміздің және жаһандық көзқарасымыздың айқын дәлелі», – деп атап өтті.
Ол сондай-ақ:
«Алматыдағы заманауи кампусымыз студенттерге жан-жақты тәжірибе ұсынады: мұнда академиялық қатаңдық, инновациялық көзқарас және тұлғалық даму үйлесім тапқан. Бізге қолдау көрсеткен серіктестерімізге алғысымыз шексіз. Олар DMUK-тің халықаралық беделге ие, бірегей ұсынысы бар оқу орны ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосты», – деді.
Университет президенті Сакина Сафар:
«Бұл рәсім – біздің түлектеріміздің жетістігі ғана емес, сонымен бірге батыл идеяның жүзеге асуы. Британдық әлемдік деңгейдегі білімді Қазақстанға әкелу – DMUK-тің басты миссиясы. Бүгінгі таңда университет инновацияның, инклюзивтіліктің және халықаралық сапаның жарқын үлгісіне айналып отыр. Біз еліміздің адами капиталын дамытуға және Қазақстанның жаһандық академиялық орталыққа айналу ұмтылысына үлес қосып келе жатқанымызды мақтан тұтамыз», – деді.
DMUK заманауи кампусы студенттерге халықаралық стандарттарға сай білім ғана емес, тұлғалық даму, көшбасшылық пен шығармашылық дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Университеттің корпоративтік серіктестерімен байланысы түлектерге тағылымдамадан өтуге, зерттеу жобаларына қатысуға және еңбек нарығына еркін қадам басуға жол ашады.
ССалтанатты іс-шара аясында Алматы қаласының академиялық артықшылық пен мәдени ортадағы рөлі де ерекше атап өтілді. DMUK мегаполистің зияткерлік және мәдени кеңістігін дамытуға белсенді үлес қосып келеді.