«Qaitadan» фильмі 3 апта ішінде 1 млрд теңге жинады

/
«Qaitadan» фильмі 3 апта ішінде 1 млрд теңге жинады
instagram

Қазақстандық режиссёр Думан Еркімбектің дебюттік толықметражды фильмі «QAITADAN» үш апта ішінде 1 млрд теңгеден астам табыс жинап, отандық кинопрокатта көш бастады. Фильм –  кино өндірісіне жұмсалған мемлекет қаражатынан бес есе артық табыс тапқан алғашқы жоба, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көрермен көзайымына айналған «QAITADAN» киносының оқиға желісі, визуалы ерекше әсер қалдырады. Бұл фильм – көркем шығарма ғана емес, шынайы сезімге негізделген, терең драмалық мазмұндағы туынды. Кино астарында қауіпсіздік, жауапкершілік пен бірлік идеясы бар, әрі жастарды достыққа, бауырмалдыққа жетелейді. Әр диалог – бүгінгі қоғамға ой салады. Фильмде отбасы институты дәріптеліп, әлеуметтік жауапкершілік пен адамгершілік қағидаттары көрініс табады.

«QAITADAN» – қазақ киносының жаңа белеске көтерілгенін айғақтайтын фильм. 2023 жылы питчинг жеңімпазы атанған бұл жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген болатын.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалидың айтуынша бүгінде Қазақстанның киноиндустриясы қарқынды дамып келеді. Бұл ұлттық контентті ілгерілетуге, тұрақты қолдау жүйесін қалыптастыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр. Соның арқасында жас режиссерлер мен дебюттік жобалардың алдында жаңа перспективалар ашылды. «QAITADAN» – осының айқын дәлелі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары