Қазгидромет 28 қыркүйектен бастап күннің суытатынын ескертті, деп хабарлайды turkystan.kz.
28 қыркүйектен бастап солтүстік аймақтарға суық антициклон келеді. Республиканың оңтүстігіне қарай ығысуына байланысты елдің басым бөлігінде ауа температурасы төмендейді.
"Қазақстанның солтүстік жартысында ауа райын солтүстік-батыс циклоны анықтайды, жаңбыр, кей жерлерде қатты жаңбыр жауады, 28–29 қыркүйекте жаңбыр қарға ұласуы мүмкін. Ал еліміздің оңтүстік жартысында оңтүстік циклонмен бірге найзағайлы жаңбыр күтіледі. Республика бойынша желдің күшеюі, түнде және таңертең тұман болжанады", - дейді синоптиктер.
Температуралық фон:
батыста: түнде +3…+8 °C, күндіз біртіндеп +10…+18-ден +13…+22 °C-қа дейін көтеріледі;
оңтүстік-батыста: түнде +10…+15-ден +7…+12 °C-қа дейін төмендейді, күндіз +13…+18-ден +18…+23 °C-қа дейін көтеріледі;
солтүстік-батыс және солтүстікте: түнде +3…+13 °C-тан –1…–6 °C-қа дейін төмендейді, күндіз +10…+15 °C-тан +3…+10 °C-қа дейін төмендейді;
Павлодар облысы мен орталықта: түнде +5…+15 °C-тан +2…+7 °C-қа дейін төмендейді, күндіз +22…+28 °C-тан +7…+18 °C-қа дейін төмендейді;
шығыста: түнде +2…+10 °C-тан +7…+15 °C-қа дейін құбылады, күндіз +25…+30 °C-тан +20…+25 °C-қа дейін төмендейді, өңірдің солтүстігінде +10…+15 °C;
оңтүстікте: түнде +9…+18 °C-тан +5…+13 °C-қа дейін төмендейді, күндіз +22…+32 °C-тан +15…+28 °C-қа дейін төмендейді;
оңтүстік-шығыста: түнде +10…+15 °C, таулы аудандарда 0…+5 °C, күндіз +23…+30 °C, таулы өңірлерде +15…+20 °C күтіледі.
Мәселен, 28 қыркүйекте күндіз Ақмола облысында жауын-шашын жауып, арты қарға ұласады. Жамбыл облысының таулы аудандарында найзағай күтіледі. Ал түнде тұман түседі.
Қостанай облысының солтүстік-шығысында жауын-шашын қарға ұласып, түнде облыстың батысында және шығысында 1 градус үсік жүреді.
Ұлытау облысының солтүстігінде, Атырау облысының батысында және оңтүстігінде, сондай-ақ, Атырау мен Астанада 28 қыркүйекте түнде және таңертең тұман түседі.
Ал Ақтөбе қаласына түнде 2 градус үсік күтіледі. Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде, шығысында, күндіз солтүстігінде, оңтүстігінде, шығысында қарға ұласатын жауын-шашын жауса, Қызылорда мен Маңғыстау облыстарында жоғары өрт қаупі сақталады.