Жетісу облысында оқушылар мектеп асханасындағы самсаның ішінде ақ құрттар болғанын анықтап, видеоға түсіріп алған. Көксу ауданының білім бөлімі мен СЭБ өкілдері оқиғадан кейін тексеріс басталғанын хабарлады, деп жазады nur.kz.
Әлеуметтік желіде Жетісу облысындағы мектеп асханаларының бірінде түсірілген видео тарап, ел ашуын тудырды. Бейнежазбада нан өнімінің ішінде бір нәрсе жыбырлап жатқанын көруге болады.
Көксу аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Күзбаев жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Жарияланған бейнежазбадан хабардармыз. Мектептің ата-аналар комитетімен бірлесіп тексеру жүргізіліп жатыр. Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөліміне ресми сауал жолданды. Санитарлық тексеріс қорытындысы бойынша мектеп асханасын жалға алушыға ҚР заңнамасына сәйкес шара қолданылады", - деді бөлім басшысы.
Көксу ауданының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілдері желіде тараған оқиғадан кейін тиісті органдар тексеріс жүргізетінін мәлімдеді.
"Сабыр сақтап, тек ресми дереккөздер таратқан ақпаратқа сенулеріңізді сұраймыз. Өткізілген шаралардың барысы мен нәтижесін тағы қосымша хабарлаймыз", - деді олар.