Президент: Заман күрделі болса да, біздің бағытымыз – дұрыс

/
Президент: Заман күрделі болса да, біздің бағытымыз – дұрыс
Akorda

Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында ғалымдардың ағартушылық миссиясына ерекше назар аударды, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Сіздер әр саланы терең білесіздер. Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын жақсы түсінесіздер. Соны жастарға айтып жеткізу керек. Олардың бойында әлеуметтік оптимизм қалыптастыру өте маңызды. Заман күрделі болса да, біздің бағытымыз – дұрыс. Еліміз қиындықтың бәрін еңсеріп, үздіксіз дамып келеді. Бес жылда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 181 миллиардтан 291 миллиард долларға көбейді. Биылғы 8 айдың өзінде экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Еліміздің халықаралық резерві мен Ұлттық қордың активі 116 миллиард доллардан асты. Соның ішінде халықаралық резервіміз рекордтық деңгейге жетіп, 54,6 миллиард доллар болды. Мұның бәрін басқа мемлекеттер, беделді ұйымдар көріп отыр, мойындап жатыр. Мысалы, Standard and Poor’s агенттігі бұған дейін еліміздің дамуын «тұрақты» деп болжап келді. Енді «жағымды» деген болжам жасауда. «Сырт көз – сыншы». Әлем қауымдастығының Қазақстанға деген сенімі біздің дұрыс жолмен келе жатқанымызды көрсетеді. Алайда халықаралық рейтингтерде жоғары орын иелену – біз үшін мақсат емес, оның үстіне бұл тоқмейілсуге себеп бола алмайды. Біз мұны түсінуіміз керек. Біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын ұдайы арттыру және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейту. Дәл сол себепті біз қиын да күрделі өзгерістер арқылы реформалар жүргіземіз. Бұл оңай жол емес. Елімізді басқаша өркендете алмаймыз. Бәріміздің мақсат-мүддеміз – бір. Бұл – Әділетті, Қуатты, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды құру. Бұл іске ғалымдар қауымы мол үлес қосады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары