Алматыдағы зауытта 22 жастағы жігіт аяғынан айырылды

/
Алматыдағы зауытта 22 жастағы жігіт аяғынан айырылды
Информбюро

Алматыдағы зауытта 22 жастағы Елдос Назымбек кран астында қалып, аяғын ампутациялауға тура келді. Оқыс оқиға былтыр қараша айында болған, деп хабарлайды turkystan.kz сайты «Инфорбюроға» сілтеме жасап хабарлайды.

Елдос оқуын бітіріп, жұмысқа кіріскеніне небәрі бір ай ғана болған. Таңғы ауысым кезінде жарық шамдарын орнатып жүргенде артынша кран соғып, екі аяғы жарақаттанған. Дәрігерлердің айтуынша, жарақат тым ауыр болғандықтан, оның бір аяғын сақтап қалу мүмкін болмаған. Осылайша ол 2-топ мүгедегіне айналды.

«07:40 шамасында бастығымыз шамдарды түске дейін орнатуымызды талап етті. Екінші шамды орнатып жатқанымда кран келіп соғып, екі аяғымды зақымдады. Жанымдағы әріптесім де жарақат алды», – дейді Елдос.

Әкесі Бақытжан Қырықбаевтың сөзінше, жарақат алған сәтте баласына ешқандай көмек көрсетілмеген. Тіпті басшылық жедел жәрдемді де шақырмаған. Бастапқыда зауыт шығынды өтеуге уәде берсе де, 50 млн теңге қажеттігін естіген соң бас тартқан. Кейін сот жұмыс берушіні кінәсіз деп таныған.

«Сот шешімі шықты. Ешкім кінәлі емес деді. Сонда балам өзі өзін жарақаттап алған болып тұр ғой», – дейді әкесі.

Ал зауыт өкілдері керісінше, жәбірленушіге барынша көмек көрсетілгенін айтады. Компания заңгері Тахмина Барзамованың сөзінше, Елдосқа ақшалай қолдау беріліп, ақылы бөлімде ем қабылдау ұсынылған, алайда ол өз еркімен бас тартқан. Сондай-ақ зауыт оның протезіне көмектесуді де уәде еткен.

Жәбірленуші тарап сот шешімімен келіспей, апелляциялық шағым түсіруді жоспарлап отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары