Қарағанды облысында Халықаралық жұмысшы жастар форумы өтті. Іс-шараға Қазақстаннан және шет мемлекеттерден келген мыңға жуық жас мамандар, студенттер, кәсіпорындар мен білім беру ұйымдарының өкілдері жиналды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ұрпақтан ұрпаққа: болашаққа жол бүгіннен басталады» атты форум аясында жұмыспен қамту, мансаптық өсу, кәсіби даму мәселелері талқыланып, қатысушылар тәжірибе мен идея алмасып, болашақ серіктестікке негіз болатын жаңа байланыстар орнатты. Қонақтар қатарында АҚШ, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген делегациялар болды.
— Сіздер — еңбектен қашпайтын, өсуге, дамуға және жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын жас буынсыздар. Дәл осындай мамандар өндіріс, энергетика, көлік пен құрылыс саласын ілгерілетеді. Форумда айтылған барлық ұсыныс пен идея ескерілетін болады. Мемлекет тарапынан әрқашан қолдау бар. Президенттің бастамасымен бұл жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланғаны да осының дәлелі. Бұл — еліміздің болашағы үшін жас мамандардың маңызын айқындау. Бүгінде өңірде мыңға жуық зауыт пен фабрика жұмыс істейді. Онда 130 мыңнан астам адам еңбек етсе, олардың 23 мыңға жуығы — жастар. Ел ертеңі — осындай жігерлі жастардың қолында., — деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Форумда жас буынға жігер беретін оқиғалар да айтылды. ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов жастарды армандаудан қорықпай, жаңа бастамаларға батыл қадам жасауға шақырды:
— Жастардың қуаты — шексіз. Бастысы — сәтті жіберіп алмау, — деді ол.
Көпшіліктің жүрегіне әсер еткендердің бірі — протезбен жүгіріп, Қазақстан чемпионы атанған әрі халықаралық жарыстардың жүлдегері, IT-маман Айсұлу Сүлейменова. Ол өмірінің ауыр сынақтарын еңсеріп, берілмей алға ұмтылғанын әңгімеледі.
Форум диалог алаңы ғана емес, еңбектің үздіктерін марапаттайтын мәртебелі сахнаға айналды. «Еңбек жолы» республикалық конкурсының аймақтық кезеңінде жұмысшы мамандықтарының абыройлы өкілдері марапатталды. Шахтинск қаласынан келген Волокитиндер әулеті «Үздік еңбек әулеті» номинациясын жеңіп алды — бұл еңбектің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынының айқын үлгісі. Балқаштық Ерлан Сыздықов «Жұмысшы жастың үздік тәлімгері» атанды.
Ал КТЖ «Жүк тасымалы» филиалының жетекші инженер-технологы Жұлдызай Байдүйсен «Үздік жас өндіріс қызметкері» номинациясында оза шапты. Оның отбасының барлығы теміржол саласында еңбек етеді, сондықтан мамандық таңдауы бала кезінен айқын болған.
— Мен еңбек жолымды қабылдап-тапсырушы қызметінен бастадым. Оқыдым, іздендім, еріктілікпен айналыстым. Бүгінде жауапты қызмет атқарып жүрмін. Жұмысшы мамандықтары үлкен мүмкіндіктерге жол ашатынын өз тәжірибемнен білемін, — деді Жұлдызай.
Форумның ең әсерлі сәттерінің бірі — «Kemel Keleshek» жастар сыйлығын табыстау болды. 16 номинация бойынша өндіріс, көлік, спорт, мәдениет саласына бүгіннен бастап елеулі үлес қосып жүрген жастар марапатталды.
Мәселен, Жезқазған мыс балқыту зауытының жұмысшысы Дархан Желібаев «Мәдени және әлеуметтік дамуға қосқан үлесі үшін» сыйлығына ие болды. Ол мұндай кездесулердің маңызын ерекше атап өтті:
— Бұл — өзге өңірлерде жастарды қолдау бағдарламалары қалай жүзеге асырылатынын білуге, тәжірибе бөлісуге және жаңа серпін алуға тамаша мүмкіндік. Бүгін жұмысшы мамандықтарының болашағы зор. Бастысы — әрекеттен қорықпау, — деді ол.