25 қыркүйекте Алматы қаласы Түрксіб ауданында, Гёте көшесінде электровелосипед жүргізушісі қатысқан ауыр жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, ер адам көшеде батыс бағытта қозғалып келе жатқан. Сол кезде қосылатын жолдан "Жол бер" белгісін елемеген Nissan Terrano жүргізушісі шығып, соқтығыс орын алған.
Қатты соққы салдарынан жәбірленуші алдымен көліктің капотына, кейін алдыңғы әйнегіне, одан соң тағы бірнеше метрге ұшып кеткен.
Куәгерлер жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер келген соң ер адамды ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізді. Алайда кейінірек оның қайтыс болғаны белгілі болды.
Оқиға орнында жол-патрульдік полиция қызметкерлері жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.